Мақтааралда Қазақстан мен Түркияның бірлескен кәсіпорыны құрылуда

Dalanews 19 мам. 2021 15:27 815

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында Қазақстан мен Түркияның бірлескен кәсіпорындары мақта майын шығаратын зауыты іске қоспақшы. Жалпы құны 2,152 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын 2022 жылы пайдалануға беріледі, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Көкарал ауылында іске асып жатқан инвестициялық жоба жылына 3 мың тонна май, 14 мың тонна шрот шығаратын мүмкіндікке ие. Өнеркәсіпте 48 адам жұмыспен қамтылады.

Қазіргі таңда Мақта шикізатын дайын өнімге дейін жеткізетін өнеркәсіп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Түркия мемлекетінен бірнеше тоннаға жететін құрал-жабдықтары әкелінген.

Бұдан бөлек, 2024 жылға дейін Түркия мемлекетімен бірге жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын текстиль фабрикасы салынбақшы. Онда жылына 6600 тонна жіп иіріп, 143 адамды жұмыспен қамтылады. Әрі қарай оны киім-кешекке, көрпе-кілемге айналдыратын толық индустрия жасау көзделген.

Айта кетейік, шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында 2021-2025 жылы Мақтаарал ауданында жалпы инвестиция көлемі 10,781 миллиард теңгені құрайтын 308 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтуды көздеген 5 жоба іске асырылуда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар