– 15 қараша – Ұлттық валюта күні және еліміздегі қаржыгерлер қауымының кәсіби мерекесі екені белгілі. Биыл осы атаулы мерекелер ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатыр. Теңге – еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы. Төл валютамыз дамудың жаңа деңгейіне жол ашып, жаңа нарықтық экономиканың құрылымдарын қалыптастыруды қамтамасыз ете алды. Төл валютамыз ғана тәуелсіз экономикалық және қаржы-несиелік саясатты жүзеге асыруымызға, нақты экономикалық егемендікке қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызды, – деді Б.Төребеков.
Айта кетейік, 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты.
1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Дәл осы жылы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналысқа енгізілді.
Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі