Ғасырға бергісіз уақытта тарихи кезеңдерді өткерген ауданның айтулы күніне жергілікті тұрғындармен қоса Өзбекстан Республикасы Сырдария облысынан атарылтып келген делегаттар қатысты.
«Ақ алтын» мәдениет үйінде өткен мерейлі мерекеге ортақтасқан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев еңбекқор мақтааралдықтарға деген ізгі тілегін жеткізді.
«Облысымыздың басқа аудандары сияқты мақталы Мақтааралдың да тарихы өте бай. Алғашында Мырзашөл атауымен белгілі болған бұл мекеннің ерекшелігі – жерінің жомарттығында. Мақтааралдықтардың ерен еңбегі мен ақылы – шөл даланы гүлді, жазиралы жәннәт мекенге айналдырды. Мырзашөл даласын суландырудағы негізгі мақсат – мақта алқабын молайту еді. Алғаш рет ауданда мақта шаруашылықтары құрылып жатқанда Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары қызметін атқарып жүрген ұлт мақтанышы Сұлтанбек Қожанов каналды қазушылармен болған кездесуінде мақтаның аса қымбат шикізат екенін, болашақта ақ алтын күллі Түркістан өлкесінің байлығы болатынын айтқан екен.
Міне, Елбасымыздың тікелей қолдауымен Түркістан облысының жаңа дәуірі басталып келеді. Облысымыздың қиыр оңтүстігінде орналасқан, ақ алтынның ордасы – мақталы Мақтаарал ауданының мерекесі бәрімізге ортақ.
Мақсат — той тойлау емес, бір ғасырға жуық уақыт аралығындағы оқиғаларды ой елегінен өткізу. Елдің бірлігін нығайтып, игі іске жұмылдыру», – деді Жансейіт Қансейітұлы.