Мақсатым - заңсыз мигранттармен күрес: Трамп билігі кезінде не өзгермек?

Сағыныш Сардарова 08 қар. 2024 12:44 2048

АҚШ президенті ретінде сайланған Дональд Трамптың басты саясаттарының бірі мигранттармен күрес екені белгілі. Бұл бағытта енді не өзгермек?

Жеңіске жеткен республикашыл Дональд Трамп NBC News-ке берген алғашқы сұхбатында қызметке кіріскен соң басты мақсаттарының бірі шекараны күшейту болатынын мәлімдеді. Жаппай депортация туралы сайлауалды уәдесіне қатысты Трамп өзінің әкімшілігінің бұл шараны жүзеге асырудан басқа амалы жоқ екенін жеткізді. Бұл туралы "Азаттық" жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін CNN ақпарат көздері Трамптың одақтастары мен жеке сектор өкілдері миграциялық саясаттағы өзгерістерге жасырын дайындық жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.

Телеарнаның дереккөзі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Трамп командасындағы алғашқы талқылаулар қылмыс жасаған заңсыз иммигранттарды елден шығару мәселесіне бағытталған. Басты сұрақ: бала кездерінде АҚШ-қа әкелінген иммигранттарды депортациялау қажет пе, жоқ па деген мәселе.

The Wall Street Journal бағалауы бойынша, депортация барлығы 20 миллион мигрантқа әсер етуі мүмкін.

Трамптың айтуынша, оның көші-қон мәселесі бойынша ұстанымы сәтті болды, өйткені "халық елге заңға бағынатын азаматтар келгенін қалайды".

Айта кетейік, қолданыстағы ережелерге сәйкес АҚШ президенті ретінде Трамп өз міндеттерін 2025 жылғы 20 қаңтарда бастайды.

Сол күні салтанатты ант беру рәсімін қамтитын АҚШ Президентінің инаугурациясы өтеді. Дәстүр бойынша бұл қоғамдық іс-шара Вашингтонда өтеді, бұл кезде жаңа президент сөз сөйлейді. Инаугурацияға орай салтанатты шеру мен бал ұйымдастырылады.

Еске салайық, бұған дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі м.а. Жанат Момынқұлов Dalanews.kz-ке сұхбат беріп, сайлау нәтижелері туралы болжам жасады.

"Трамп әлемдік саясатта ойып тұрып орын алады. Оның үстіне қазіргідей дағдарыс, соғыс жағдайында оның іс-қимылы - бәрі өте маңызды. Бірақ Харрис қалған жағдайда Американың осы саясаты жалғаса береді. Қытайға, Ресейге, Иранға қатысты шектеу, тежеу саясаты жүреді.

Менің ойымша, Харристің жеңісіне қуанамыз. Ал Трамп келетін болса, Ресеймен қарым-қатынасындағы өзгерістер Орталық Азияға, бізге салқын әсер етеді. Бәрі айналып келгенде халықаралық жүйеге әсер етеді. Біз болжап болмайтын оқиғалар басталып кетуі мүмкін. Харрис Орталық Азияға жаңа бір көзқарас танытуы мүмкін, ол - Ақ үйдің маңындағы бюрократтардың өкілі, тұрақтылықтың "гарантиясы". Ал Трамп келсе, Украинадағы жағдай ұзаққа созылатын дауға айналуы мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, Харристің келгені Қазақстанға тиімді. Орталық Азияға тікелей әсері болмаса да, шешімдері арқылы айналып келгенде әсері болады", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар