Маңғыстау облысында жұмыс уақытында жұмыс орнында қаза тапқан күзетшінің ісіне қатысты сот шешімі шықты. Сот арнайы тергеу комиссиясының қорытындысын негізсіз деп танып, талап арызды толық қанағаттандырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған.
Сотта анықталғандай, П. күзет агенттігімен еңбек шарты бойынша жұмыс істеген. 2025 жылғы 8 қыркүйекте сағат 20:00-де ол Маңғыстау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығындағы күзет бекетіне кезекшілікке түскен.
Келесі күні түнгі сағат 01:00 шамасында есірткіге мас күйдегі белгісіз адам металл қоршаудан асып, қан алу пунктіне кірген. Дыбысты естіген П. сол жерге барған кезде оған металл затпен шабуыл жасалып, денесінің әртүрлі бөліктеріне бірнеше рет соққы жасалған. Күзетші Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілгенімен, алған жарақаттарынан қайтыс болған.
Оқиғадан кейін арнайы тергеу комиссиясы құрылып, оның қорытындысында бұл жағдай еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға болып табылмайтыны көрсетілген.
Алайда сот комиссияның бұл тұжырымын негізсіз деп таныды.
Соттың мәліметінше, оқиға П.-ның жұмыс уақытында әрі жұмыс беруші жіберген жұмыс орнында болған. Сонымен қатар арнайы тергеу барысында қан алу орталығындағы бейнежазбалар сұратылмаған, қылмыстық іс материалдары зерттелмеген және жауапты ұйым қызметкерлерінен түсініктеме алынбаған.
Сондай-ақ комиссия құрамына заң талаптарына сәйкес АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы мен күзет агенттігінің өкілдері енгізілмеген.
Сот тергеу формалды жүргізіліп, оқиғаның барлық себептері мен мән-жайлары толық әрі объективті анықталмаған деген қорытындыға келді.
Осыған байланысты К.-ның талап арызы толық қанағаттандырылып, арнайы тергеу актісі заңсыз деп танылды және арнайы тергеу жүргізу міндеті жүктелді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.