Маңғыстау облысында үй жағдайында ысталған балық жеген бір отбасы ауыр хәлде жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды dalanews.kz 24KZ-ке сілтеп.
Алдын ала болжам бойынша улануға үй жағдайында дайындалып, тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған үйдің ысталған балығы себеп болған. Зардап шеккендер бұл өнімді 17 қыркүйекте кешкі сағат 20:00-21:00 аралығында жеген. Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйекте кешке байқалып, науқастар медициналық көмекке 19 қыркүйекте ғана жүгінген.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эпидемиологы Марал Қадырдың мәліметінше, ботулизм белгілерімен үш ересек пен бір бала ауруханаға жеткізілген. Ауруханаға түскен кезде олардың жағдайы ауыр деп бағаланған.
"Науқастарда әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көру қабілеті нашарлауы, тамақ құрғауы, көз бұлдырауы және естен тану белгілері байқалды", - деді Марал Қадыр.
Мамандардың айтуынша, зардап шеккендердің жағдайы ауыр, қазір олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.