Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында 12 жастағы баланың қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы оқиға 1 маусым күні болған. Жеке тұрғын үй ауласынан 2014 жылы туған мектеп оқушысының денесі табылған.
Куәгерлердің сөзінше, алғашында балалардың бірі оны әткеншек теуіп отыр деп ойлаған. Алайда жақындап келгенде баланың қозғалыссыз жатқанын байқап, дереу үлкендерді шақырып, жедел жәрдем мен полицияға хабар берген.
Дәрігерлер оқиға орнына келген кезде баланың ажал құшқаны белгілі болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға қолдан жасалған әткеншекте ойнап жүрген кезде болған. Бала алған жарақатынан көз жұмған.
Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтауда.