Маңғыстау облысында 18 жастағы Азамат Дүйсехановты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ол 7 шілдеде Ақтаудан шамамен 48 шақырым жердегі O'Mir демалыс кешені маңында жоғалып кеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Туыстарының айтуынша, сол күні Азамат достарымен бірге туған күнін атап өткен. Сағат 15:00 шамасында теңіз жағасында көзден таса болған, содан бері оның қайда екені белгісіз.
Іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ, туыстары, достары мен жақындары жұмылдырылған.
Жалпы іздеу-құтқару операциясына 53 адам, 6 техника, 3 жүзу құралы, 10 сүңгуір және 8 дрон қатысып жатыр.
Жоғалған адамның туыстары еріктілерден, дрон операторларынан және қайық иелерінен көмек сұрап отыр. Сондай-ақ, 7 шілдеде O'Mir демалыс кешені маңында болған немесе Азаматтың жүрген жері туралы қандай да бір мәліметі бар азаматтарды хабарласуға шақырды.