Маңғыстаулық кәсіпкерлер тұңғыш рет халықаралық ірімшік байқауында Қазақстан намысын қорғайды

Dalanews 22 шіл. 2023 06:50 851

Түпқараған ауданындағы «Жеті лақ» фермасының негізін қалаушы Кобзевтер отбасы ешкі мен түйе сүтінен ірімшік өнімдерін шығарумен айналысады.

Биыл олар «Mondial du fromage – 2023» халықаралық ірімшік байқауына қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Ерекше атап өтетін жайт, бұл халықаралық конкурсқа Қазақстаннан үміткерлер бұрын соңды қатыспаған.

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа Түпқараған ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде ірімшік өндірісінің мүмкіндіктері туралы кәсіпкерлер айтып берді.

2020 жылдан бастап жұмыс істейтін «Жеті лақ» фермасы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында орналасқан. Кәсіпкерлер пастерленген ешкі сүтін, йогурт, айран, сүзбе, қаймақ және ірімшіктің 12 түрін шығарады.

Кобзевтер отбасы айына 3,5 тонна ешкі сүтін өндіреді. Ферма 10 гектар жерді алып жатыр, оның төрт гектары ешкі өсіруге арналса, қалған аймақта жем-шөп қоймасы мен сүт өңдеу цехы орналасқан.

– Биыл біз өндірісті дамытуға бағытталған қайтарымсыз 5 млн теңге грант ұтып алдық. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламаларының қатысушыларымыз.


Ауыл шаруашылығы кәсіпорнын өз ақшаңа дамыту өте қиын, осы тұрғыда мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғаны қуантады.

Биылғы жылы біз үшін маңызды оқиға «Mondial du fromage – 2023» халықаралық ірімшік байқауына қатысу. Онда біз өз өнімдерімізді таныстырамыз. Айта кету керек, еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан алғаш рет әлемдік ірімшік жасаушылар байқауына өз өнімдерін ұсынатын болады, – деді ірімшік дайындаушы Александра Григолова.



Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев кәсіпорынның жетістігі мен Маңғыстау ірімшік өндірушілерінің әлеуеті зор екенін атап өтті.

– Маңғыстауда өндірілетін қазақстандық ірімшіктер жақын арада отандық экспортты дамытудың негізгі драйвері бола алады. Сіздер халықаралық деңгейдегі байқауда елімізді таныстыру мүмкіндігіне ие болғаныңыз қуантады. Сіздерге сәттілік тілей отыра, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға әрқашан дайын екенімізді айтқым келеді – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.


Француздық «Le Mondial du fromage» байқауы қыркүйек айының 10-12 аралығында Тур қаласында өтеді. Еуропада өтетін бұл халықаралық іс-шара сүт өнімдерін шығарушы кәсіпкерлердің өз өнімдерін ұсына алатын жоғары деңгейдегі алаң болып табылады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар