Маңғыстау облысында "Үстірт" шекара бөлімшесінің 26 жастағы бастығы қызметіне салғырт қарағаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның әрекетсіздігі салдарынан мерзімді әскери қызметші қаза тапқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың қазан айында болған. Еркебұлан Сағындықовқа дизель генераторының радиаторын жуу үшін бензин әкелу тапсырылған. Сарбаз қойма аумағындағы цистернаға көтеріліп, резервуардың қақпағын ашып, канистрге жанармай құя бастаған.
Сол сәтте ол ашық цистернаға еңкейіп, бензин буларын жұтып қойған. Соның салдарынан есінен танып, шамамен 20 минут бойы цистерна үстінде қозғалыссыз жатқан.
Оны басқа сарбаздар байқап, алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, сарбаздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі "қызметке салғырт қарау, ауыр салдарға әкеп соғу" дерегі бойынша тергелді. Істі Ақтөбе гарнизонының әскери соты қарады.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Сонымен қатар, сот оны марқұмның анасына моральдық зиян ретінде 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
