Маңғыстау облысындағы №99116 әскери бөлімінде суицидке әрекет жасаған сарбаздар саны үштен жетіге дейін өскені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz Halyqstan-ға сілтеп.
Бұған дейін психиатриялық ауруханаға үш сарбаз түсті деп хабарланған еді. Алайда шын мәнінде өткен аптада бірден жеті әскери қызметші суицидтік мінез-құлық белгілерімен емханаға жеткізілген. Олардың бәрінен қолының күре тамырында жарақат табылған.
Қазіргі таңда үшеуі дәрігерлердің бақылауында қалып отыр. Ал төртеуін ата-аналары алып кетіп, оларға психикалық ауытқулар туралы анықтама рәсімдеген.
Арнайы емханада әлі де ем алып жатқан сарбаздардың ішінде – Алматыдан шақырылған 18 жастағы Сұлтан Шынтеміров бар. Оның анасы Лаура Шантемирова ұлын негізсіз "психикалық ауру" деп таныды деп санайды.
"Маған "жүрек пен бүйрек ауруына байланысты тексеріледі" деп айтқан. Шын мәнінде оны психиатриялық емханаға жіберген екен", – дейді ол.
Анасының айтуынша, Сұлтан бес айлық қызметінде екі рет өзін өлтіруге талпынған. Бұған әскердегі әлімжеттік, ақша бопсалау, жүйелі соққыға жығу себеп болған. Сонымен бірге ол сарбаздарды цемент илетуге және жеке құрылыс жұмыстарына жеккенін айтқан.
Мекеме басшылығы сарбаздардан ауыр психикалық ауытқулар табылмағанын жеткізді. Оларға негізінен психологиялық көмек көрсетілуде, дәрі-дәрмекпен емдеу қолданылмаған.
Барлық жеті сарбаздың тағдырын Астанадағы әскери комиссия шешпек. Ал Сұлтан Шынтеміровтің анасы әскери прокуратураға жүгініп, бөлімдегі оқиғаны мұқият тергеуді талап етті.