Маңғыстауда сумен жабдықтау жүйелері кезең-кезеңімен жаңғыртылады

Dalanews 27 қар. 2023 11:50 954

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Маңғыстауда су тұщыту, бу-газды қондырғылары мен турбоагрегаттар сияқты жабдықтарды салу және жаңғырту бойынша негізгі алты жобаны іске асыруды көздейтін "МАЭК" кәсіпорнын жаңғырту бағдарламасы әзірленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты.

Маңғыстау облысы халқының қарқынды өсімі мен экономикалық дамуы аясында  мәселелердің бірі – коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту және оның қуатын арттыру. Бұл стратегиялық бастамалар тіршілікті қамтамасыз ету, инженерлік желілер мен сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Назар аударуды талап ететін негізгі факторлардың бірі - «МАЭК» кәсіпорны.  Кешеннің энергетикалық жабдықтарының  тозу деңгейі 81%-ды құрайды.

– Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тұщыту, бу-газ қондырғылары және турбоагрегаттар сияқты жабдықтарды салу және жаңғырту бойынша бірнеше негізгі жобаларды іске асыруды көздейтін кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасы әзірленді. Ағымдағы жылы кәсіпорынның өз қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен тозығы жеткен жабдықты ауыстыруға 2,6 млрд теңге бөлінді. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша жаңа жабдықтар мен жиындықтарды сатып алуға ҚР Үкіметінің резервінен тағы 4,9 млрд теңге бөлінді, – деп хабарлады өңір басшысы


Сонымен қатар, Ақтау қаласындағы өзекті мәселелердің бірі – инженерлік желілерді қайта жаңарту. Халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға дейін Ақтау қаласының 25 шағын ауданын 5 аймаққа бөліп, жалпы ұзындығы 919 шақырымды құрайтын инженерлік желілерді (су, кәріз, жылу) жаңғырту жоспарланды.

– Бүгінгі күні 1-кезең бойынша – жалпы сомасы 20,4 млрд теңге қаржыны құрайтын 19 жоба әзірленді (Су бойынша- 6 жоба, кәріз бойынша – 6 жоба, кәріз тазарту станциялары – 6, Жылу – 1 жоба). Биыл Ақтау қаласының 3а, 3б және 1-шағынаудандарында жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде (жалпы ұзындығы 10,2 км). Ол үшін республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді (жобаның жалпы құны 11,5 млрд.теңге). Сонымен қатар, Ақтау қаласының 31а шағын ауданында жылу желілерін жаңарту жұмыстары басталды (ұзындығы – 0,7 шақырым, мердігерлік ұйым – «Теплоэнергострой» ЖШС, жобаның құны – 240,0 млн.теңге). Республикалық бюджеттен 199 млн. теңге бөлінді. Бұл нысан биыл  желтоқсанда аяқталады деп күтілуде, – деді ОКҚ брифингінде Нұрлан Ноғаев.

Қалған шағын аудандарды жаңарту бойынша жұмыстар кезең-кезеңіменіске асырылады. Инфрақұрылымды жаңартудың маңызды аспектісі ретінде аймақты ауыз сумен толық қамтамасыз ету маңызы айрықша. Жаз маусымында облыста  су тапшылығы тәулігіне 77,2 мың текше метр суды құрайды. Жыл сайын суға сұраныстың өсімін ескере отырып, 2025 жылға қарай жалпы қуаттылығы тәулігіне 136 мың текше метр суды тұшытатын  алты жобаны іске асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар,  өңірдің әр тұсында жаңа тұзсыздандыру зауыттарының құрылысы белсенді жүргізілуде, аталған жобалар су тапшылығын жоюға ықпалдасады.«Каспий» су  тұшыту зауыты қуатын тәулігіне  40 мың текше метрге жеткізудің 2-кезеңі бойынша жұмыс жалғасуда. 2022 жылдың жазғы кезеңінде тәулігіне 5 мың текше метр суды  тұшытатын қондырғы пайдалануға берілді. 2024 жылдың сәуіріне дейін бұл жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда.


Сонымен қатар, Ақтау қаласында инвестордың жеке қаражаты есебінен қуаты тәулігіне 20 000 текше метр суды тұшыту зауытын салу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны-4,0 млрд. теңге. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта зауыттың белгіленген қуаты тәулігіне 3600 текше метрді құрайды. Жыл соңына қарай қуаттылықты 2 есеге арттырып, тәулігіне 7200 текше метрге дейін жеткізу жоспарлануда.

Биыл Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр (РБ – 4,2 млрд.теңге) және Кендірлі ауылында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытатын қондырғыларды салу жұмыстары басталды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар