Маңғыстауда екі мұнай тасымалдау станциясы жаңғыртылды

Самал Асқар 13 қаң. 2026 16:27

«ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау облысындағы «Жетібай» және «Қаражанбас» мұнай тасымалдау станцияларында өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын аяқтап, нысандарды пайдалануға берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компания мәліметінше, аталған жобалар экологиялық тәуекелдерді азайтуға, өндірістік қауіпсіздікті арттыруға және мұнай тасымалдау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Жетібай» станциясында мұнайды қауіпсіз сақтау мен тасымалдауға арналған жаңартылған резервуар паркі іске қосылды. Резервуарларға понтондар орнатылып, мұнайдың булануынан туындайтын шығарындыларды азайту көзделген. Нысан құрамына әрқайсысы 10 мың текше метрлік екі болат резервуар, өрт сөндіру жүйесі, су қоры сақталатын темірбетон резервуарлар мен технологиялық құбырлар кіреді. Сонымен қатар электрмен жабдықтау, жарықтандыру және өртке қарсы жүйелер жаңартылған.

Ал «Қаражанбас» станциясында электрмен жабдықтау жүйесі қайта құрылды. Заманауи энергоблок орнатылып, резервтік қорек көзі қамтамасыз етілді. Жобаны іске асыру барысында 42 электржетек ауыстырылып, жалпы ұзындығы 152 шақырым болатын жаңа кабельдер тартылған.

Компания бұл өзгерістер станциялардың қауіпсіздігін арттырып, технологиялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді деп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove