Маңғыстау облысында құстарға көмек көрсету орталығы ашылмай, 10 млн теңгелік грант игерілген

Көркем Алдабергенова 04 қыр. 2025 16:27

Ақтаулық блогер Азамат Сарсенбаевтың айтуынша, астаналық «Қазақстан экологиялық қоры» қоры Маңғыстау облысының бюджеті есебінен құстарға көмек көрсету орталығын құруға 10 млн теңге көлемінде грант алған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алайда, оның сөзінше, шын мәнінде құстарды құтқару жұмыстарын әлі де жергілікті еріктілер тегін атқарып жүр.

Instagram-дағы «Astana_city» парақшасының дерегінше, блогер байқаудың жеңімпазы қоғам белсенділерінің еңбегін өзіне иемденуге тырысқанын айтқан.

Сарсенбаевтың сөзіне қарағанда, қор өкілдері оған 500 мың теңге төлеп, серіктестік ұсынған. Ол мұны еріктілердің еңбегін ұйымның есебіне енгізу әрекеті деп түсіндіреді.

«Біз мұны тегін істеп келдік және көмек күтпедік. Енді құстардың суреттерін олардың есебі үшін сұрап отыр. Біз жабайы құстарды тегін емдеп, қайтадан табиғатқа жібереміз, ал қор осы жұмысқа 10 млн теңге грант алып, біздің еңбегімізді өзінікі етіп көрсеткісі келеді», - деп атап өтті Сарсенбаев.

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар басқармасы гранттың бөлінгенін растады. Ведомство қаржыландыру тек орталық құру мен ветеринарлық қызмет көрсетуді ғана емес, 20 экскурсия өткізуді, «Қоқиқаз күніне» арналған фестивальді ұйымдастыруды, шығармашылық жұмыстар конкурсын өткізуді және жасалған жұмыстар туралы материалдар жариялауды да қарастырғанын нақтылады.

Байқаудың жеңімпазы – «Қазақстан экологиялық қоры» ҚБ болған. Алайда үш ай ішінде орталық ашылмаған, оның қызметі туралы есептік материалдар да жарияланбаған.

26 тамызда басқарма «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-қа міндеттемелер орындалмағандықтан гранттық қаражатты қайтару туралы хат жолдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар