Маңғыстау облысында балық түрлерін көбейту және аквашаруашылық әлеуетін кеңейту мақсатында жаңа жобалар қолға алынып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Асқар Қаныбеков өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың тапсырмасына сәйкес Балық шаруашылығы басқармасына қарасты мекемелердің қызметімен және саладағы инновациялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Маңғыстау өңірі Каспий теңізі жағалауында орналасқандықтан, балық шаруашылығы бұл аймақ үшін стратегиялық маңызға ие. Дегенмен, аймақта негізінен бекіре тұқымдас балықтарды өсіру қалыптасқан. Балық түрлерін көбейту және аквашаруашылық әлеуетін кеңейту мақсатында жаңа жобалар қолға алынып жатыр.
Соның бірі – Ақтау қаласындағы «Сұлтан Агро» ЖШС жылыжай кешенінде іске асырылып жатқан «Каспий албырт (Каспийский лосось) тұқымдас балығының аналық үйірін қалыптастыру және инкубациялық цех құру» жобасы. ҚҚЭА қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл бастама өңірдегі акваөндірістің дамуына серпін беріп, балық шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Әрі қарай Асқар Қаныбеков Маңғыстау облысы Балық шаруашылығы басқармасының «Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі қызмет» коммуналдық мекемесіне барды. Бұл мекеме балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелерінің резервтік қорын қорғау, сондай-ақ жануарлар дүниесін сақтау және тиімді пайдалану шараларын ұйымдастырумен айналысады. Олар экологиялық тұрақтылықты сақтау бағытында түрлі іс-шараларды жүзеге асыруда.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары сала мамандарымен кездесіп, өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға қатысты өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларды талқылады.