Маңғыстау облысының Білім басқармасы жариялаған ірі мемлекеттік сатып алу даулы жағдайда тоқтатылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Goszakupturaly телеграм арнасы таратқан мәліметке сәйкес, құны 1,3 млрд теңге болатын IT-өнімді қолдау қызметіне арналған конкурс барысында әлеуетті жеткізушілер порталдағы өтінім беру батырмасының болмауына шағымданған. Батырма 4–9 ақпан аралығында мүлде көрінбеген, ал өтінім қабылдау мерзімі бастапқыда 11 ақпанда аяқталуы тиіс болған.
Жеткізушілердің бірі шағым түсіргеннен кейін қабылдау мерзімі 11–19 ақпан аралығына ұзартылған. Алайда 11 ақпан күні таңғы сағат 10:00-де конкурс қорытындысының хаттамасы жарияланып, онда тапсырыс берушінің лоттан өз бастамасымен бас тартқаны көрсетілген.
Заң бойынша тапсырыс беруші сатып алудан бас тартуға құқылы және мұндай шешімнің себептерін түсіндіруге міндетті емес. Сондықтан нақты қандай себеппен конкурс тоқтатылғаны белгісіз күйінде қалды.
Шағымда жеткізушілер тек техникалық ақауларды ғана емес, конкурс құжаттамасының сапасын да сынға алған. Олардың айтуынша, техникалық сипаттама мен КТРУ бір-біріне сәйкес келмейді, ал құжаттардан нақты қандай қызмет қажет екені түсініксіз болған. Мәселен, жүйені нөлден енгізу керек пе, әлде тек қолдау көрсету ме, бір жүйе ме әлде бірнешеу ме деген сұрақтарға жауап берілмеген.
Қазіргі уақытта бұл сатып алу қайта жариялана ма, конкурс қайта өткізіле ме - белгісіз. Сарапшылар жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты.
