Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында жабайы жануарларды қорғауға бағытталған біріккен рейдтік іс-шара өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Рейд барысында киіктердің Үстірт таралымы бойынша ең көп шоғырланған аумақтар қамтылды. Нәтижесінде шамамен 15 мың бас киік анықталған. Мамандардың мәліметінше, жануарлардың жалпы жағдайы бірқалыпты, шағылыстан кейінгі текелердің күйі қанағаттанарлық, өлім-жітім деректері тіркелмеген.
Сонымен қатар елді мекендерде тұрғындар арасында жабайы жануарлар дүниесін қорғау және заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта киіктердің негізгі шоғырланған аумақтарында «Охотзоопром ӨБ» РМҚК мен «Есет», «Көлеңкелі» қаумалдары инспекторлары тарапынан бақылау және қорғау жұмыстары тұрақты түрде жалғасып жатыр.
Бұдан бөлек, жергілікті маңыздағы «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағында да рейдтік шара өткізілді. Керті тауы маңынан және Бесбұлақ аумағынан 50-ге жуық арқар байқалған. Алайда таулы аймақта жолдарды қалың қар басып, автокөліктердің қозғалысына айтарлықтай қиындық келтірген.
Сондай-ақ, 11 ақпан күні аумақтық инспекция басшысы Ғаббас Досатов Каспий теңізі жағалауында аққу өлекселерінің тіркелуіне байланысты Маңғыстау телеарнасындағы «Төрлетіңіз» бағдарламасына қатысып, журналистер мен көрермендердің сұрақтарына жауап берді.
Оның айтуынша, облыстық ветеринария мамандары өлген екі аққудан сынама алып, зертханаға жолдаған. Ал жағалаудан табылған өлекселер жергілікті атқарушы органның тиісті мекемелері арқылы арнайы орындарда жойылған. Қазіргі таңда Маңғыстау облысында аққу құстарының жаппай қырылуы тіркелмеген.
