Made in KZ өнімдер шетелдік нарықта да сұранысқа ие

Қуаныш Әбілдақызы 26 мау. 2024 13:23 4867

Шетелдік нарықта Made in KZ тауарлар тұтынушы сұранысына кең көлемде ие болып келеді. Бұған қазақстандық өнімнің сапасын арттыруға, ұлттық экспорттаушыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралардың оң әсері мол.

Өткен жылғы деректерге сүйенсек, қазақстандық өнім өндірушілер шығарған тауар айналымы 40 миллиард долларға жуықтаған. Қазақстан экспортқа шығаратын негізгі өнімдер қатарында мыс, мұнай, уран, алюминий, газ, т.с.с. болуымен қатар, бидай ұны, күнбағыс майы, тыңайтқыштар да шетелде сұранысқа ие.

Бүгінде мемлекет тарапынан отандық экспорттаушыларды қолдау, олардың шетелдік нарыққа еркін шыға алуы үшін көрмелер, кәсіпкерлік формумдар ұйымдастыру секілді жұмыстар атқарылып, оған қоса түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

Бұл тұста «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» қазақстандық өнім өндірушілерге кең көлемде қолдау көрсетіп келе жатыр. Осылайша қор 11 триллион теңгеге жуық қаржыға 188 мыңға тарта жобаның жүзеге асырылуына септігін тигізген.

Өз кезегінде бұл жобалар Қазақстанның экономикалық әлеуеті үшін негізгі тірек болып отыр. Мәселен, «Зерде-Ақтөбе керамикасы» ЖШС елімізді фарфордан жасалған бұйымдармен қамтамасыз етіп қоймай, тауарларын Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан секілді көрші елдерге экспорттап отыр.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов отандық өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған «Бәйтерек» холдингінің жұмысына да ерекше тоқталған еді.  Холдингтің еншілес ұйымдары кейінгі жылмен салыстығанда 45 пайызға артық, яғни 2,8 триллион теңгеге кәсіпорындарға қолдау көрсеткен. Ал квазимемлекеттік емес бизнес иелеріне 2,5 триллион теңгеге қолдау көрсетілген.

Сонымен қатар, былтыр АӨК-ге 666 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Нәтижесінде алты мыңнан аса жұмыс орны құрылып, 4 триллион теңгеге жуық өнім өндірілген, қызметтер көрсетілген.

Ұлттық экспорттаушылар қашан да басты назарда деген ұстаныммен жұмыс істейтін мемлекеттік саясатқа сай отандық өнім шығару көлемін көбейту, өнеркәсіптерді қолдау алғы шептегі жұмыс болып қала бермек.

Бұл тұста ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өнім өндіретін компанияларды шетел нарығына шығуға шақырған еді. Соған орай Үкіметке маңызды міндеттер де жүктелді, атап айтқанда, экспортқа шығуға қауқары жететін салалар мен кәсіпорындарға көңіл бөлу тапсырылды. Өз кезегінде мемлекет экспортқа шыққысы келетіндерге барлық шараларды қарастырады: қаржыландыру бойынша жеңілдіктер көзделеді, грант беру, т.с.с. экспорттық бағыттағы қолдау тетіктері ұсынылады.

Қазақстандық тауарлар арасында шетелде ет асқан сұранысқа ие. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, былтыр алты ай ішінде ауыл шаруашылығы саласында тауар өндіруге машықтанғандар 12 тоннаға жуық ет пен ет өнімдерін экспортқа шығарған. Соның ішінде 8 тоннаға жуығы ірі қара еті болса, 3,6 тоннасы қой еті болған.

Биыл Сауда және интеграция министрлігінің басшысы Арман Шакқалиев қандай отандық тауарлар шетел нарығында сұранысқа ие екенін айтқан болатын.

Бұл ретте көршілес Қытай Халық Республикасында Made in KZ өнімдер ішінде тамақ өнімдерін ерекше атауға болады. Соның ішінде бал және кондитерлік өнімдер танымал. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға жасалып жатқан қолдау шараларының арқасында халық тұтынатын тауарлар, қолөнер бұйымдары, әсіресе, зергерлік бұйымдар Еуропа және Америка нарықтарында да тұтынушысын тауып отыр.

Шетел нарығына шығудың өзіндік қауіптері мен тәуекелдері де жоқ емес. Әлем елдерімен арадағы сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайту үшін отандық өнім өндірушілердің экспортқа еркін шыға білуі өте маңызды. Бұл тұста «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы саналатын «KazakhExport» сақтандыру компаниясы қолдау көрсетеді.

Аталмыш компания 2016 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі аралықта 200-ден аса отандық экспорттаушыларға атсалысқан, яғни жалпы 846 миллиард теңгеге жуық қолдау көрсетілген. Одан бөлек бұл компания кейінгі жылдары 600 миллиард теңгеге жуық қаржыға отандық тауар өндірушілердің өнімін жеткізуге көмектескен.

Былтыр шикізаттық емес тауарларды тасымалдаумен айналысатын отандық компаниялар KazakhExport-тан ірі көлемде көмек алған. Осылайша бүгінде ұлттық экспорттаушылар көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді мемлекеттермен ғана шектеліп қалмай, тауар жеткізу ареалын кеңейтіп, алыс-жақын шетелді түгел қамтуды көздеп отыр. Оның ішінде Түркия, Литва, Германия, Беларусь, Польша секілді алып мемлекеттер бар. Осы тұста KazakhExport секілді компаниялар отандық экспорттаушылардың талабы мен тілегін қанағаттандырып, келіссөздер кезінде қазақстандықтар үшін мәміле қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге атсалысады. Сонымен қатар, отандық экспорттың етек жаюына ықпал етеді.

Қазақстан негізінен мұнай, түрлі металл секілді ресурстар арқылы экспортты қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Алайда кейінгі кездері қазақстандық өнім өндірушілер шетел нарығын шикізаттық емес тауар түрлерімен қамтып отырғанын да жоққа шығара алмаймыз. Қазақстандық ауыл шаруашылық өнімдерінен бастап, азық-түлік тауарлары, соның ішінде ұн, май, тұз, т.с.с. тауарлар, машина жасау, металлургия саласындағы өнімдер де әлем елдерінде сатылып жатыр.

Осылайша, мемлекет тарапынан кәсіпті, сыртқы сауданы қолдауға бағытталған шаралардың арқасында бүгінде ұлттық экспорттаушылар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр деуге негіз бар.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар