«Лукойл» Қазақстандағы активтерін сатпайды

Самал Асқар 29 қаң. 2026 13:45

АҚШ пен Ұлыбритания санкциясына ұшыраған ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясы шетелдегі бірқатар активін Carlyle инвестициялық компаниясына сатты,деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компанияның хабарлауынша, мәміле аясында Қазақстан Республикасындағы активтер «Лукойл» тобының меншігінде қалады және тиісті лицензиялар аясында жұмысын жалғастыра береді.

Сатылатын активтердің жалпы құны 22 млрд доллар деп бағаланған. Олардың қатарында Қазақстан, Әзербайжан және Ирактағы мұнай кен орындары, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ-тағы өңдеу зауыттары мен жанармай бекеттері бар. Дегенмен Қазақстандағы үлестер бұл тізімге енгізілмеген.

Компания мәмілені реттеуші органдармен әлі келісу қажет екенін де атап өтті. Сонымен бірге Carlyle АҚШ-тың шетел активтерін бақылау басқармасынан рұқсат алуы тиіс. «Лукойл» басқа да ықтимал сатып алушылармен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Шетелдегі активтерді сату шешімі «жекелеген мемлекеттер енгізген шектеулермен» байланысты екені айтылды.

Еске салайық, 2025 жылғы 15 қазанда Ұлыбритания, ал 23 қазанда АҚШ «Лукойл» және «Роснефть» компанияларына санкция салған болатын. Осыдан кейін «Лукойл» шетелдегі мұнай активтерін сататынын жариялады.

«Лукойл» Қазақстандағы бірқатар ірі жобаларға қатысады. Олардың қатарында Қарашығанақ пен Теңіз кен орындары бар. Бұдан бөлек, компания қазақ мұнайының басым бөлігі тасымалданатын Каспий құбыр желісі консорциумында 12,5% үлеске ие. Қарашығанақ жобасына 1997 жылы, сол жылы Теңіз жобасына да қосылған.

28 қаңтарда энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан АҚШ-қа ресми хат жолдағанын мәлімдеген. Үкімет «Лукойлдың» бірлескен жобалардағы үлесін сатып алу мүмкіндігін қарастырып отырғанын айтқан еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove