Бірқатар ақпарат көздерінің хабарлағанындай, қала тұрғындары әкімнен Алматыда LRT желісін салу мәселесі қаншалықты өзекті екенін сұраған.
"2010 жылдан бері бұл мәселе шешімін таппай келеді. Мен оның қаншалықты өзекті екенін білгім келеді? Төле би көшесінің бойындағы трамвай рельстері әлі толық алынған жоқ", - дейді тұрғын.
Бұл сауалға жауап берген Ерболат Досаев LRT жобасы қаланы дамыту жоспарына енгізілгенін атап өтті.
"Жақында мемлекет басшысы Павлодарда Алматы трамвайына қатысты ойын білдірді. Біз қаланы дамыту жоспарына енгізген жаңа жоба – бұл төмен еденді трамвай типті LRT. Келесі жылдың көктемінде жобаның құнына қатысты түпкілікті шешім қабылдаймыз.
Төле би көшесінде LRT болады. Саяхат автовокзалынан желілерді қосып, Ақсайға дейін созу қала үшін өте маңызды.
Біз жерді сатып алу жұмыстарын жалғастырамыз. Келесі жылдың көктемінде жобаның қалай жүзеге асатынын айтамын", - дейді Ерболат Досаев.