Литва дабыл қақты: Ресейдің шабуыл жоспары туралы барлау мәліметтері жарияланды

Литва дабыл қақты: Ресейдің шабуыл жоспары туралы барлау мәліметтері жарияланды
ЖИ: Dalanews.kz

Литва президенті Гитанас Науседа елдің барлау қызметтерінде Ресейдің инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасауды жоспарлап жатқаны туралы мәліметтер бар екенін мәлімдеді. Осыған байланысты энергетика және көлік саласындағы стратегиялық нысандардың қауіпсіздігі күшейтіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президенттің айтуынша, қазіргі таңда барлау қызметтері мұндай қауіптің бар екеніне қатысты сигналдар алып отыр. Алайда қолда бар ақпарат шабуылдың нақты қай жерде және қашан жасалатынын анықтауға мүмкіндік бермейді.

– Біз барлау қызметтерімізден осындай мәліметтер алып отырмыз. Олар нақты орын мен уақытты көрсетуге жеткіліксіз. Себебі қарсы тарап өз жоспарын әлі толық аяқтаған жоқ. Біз әзірге тек жоспарлау кезеңі немесе ықтимал нысаналар туралы ғана білеміз, – деді Гитанас Науседа.

Осыған байланысты Литва билігі энергетика және көлік инфрақұрылымы нысандарын қорғау шараларын күшейтіп, қауіпсіздік деңгейін арттыру туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, осы айдың басында Польша да батыс елдерінің барлау қызметтері Ресейдің Польша аумағы мен Балтық елдеріне қарсы ықтимал шабуыл жасау қаупіне алаңдап отырғанын мәлімдеген еді.

Bloomberg мәліметінше, Еуропаның бірқатар мемлекеттері өңірдегі қауіпсіздік ахуалының ушығуына байланысты стратегиялық инфрақұрылымды қорғау шараларын күшейтіп жатыр.