Сібір жарасына қатысты мемлекеттік акт дау тудырды: Алматы облысындағы ауыл тұрғындары Тоқаевқа үндеу жасады

Сібір жарасына қатысты мемлекеттік акт дау тудырды: Алматы облысындағы ауыл тұрғындары Тоқаевқа үндеу жасады

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Еламан ауылының тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жолдап, 2012 жылы сібір жарасына (күйдіргіге) байланысты рәсімделген мемлекеттік актінің заңдылығы мен ғылыми негізін қайта қарауды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үндеуде тұрғындар Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстан" қағидатын жүзеге асырып, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өткен.

"Біз, Алматы облысы, Талғар ауданы, Еламан ауылының тұрғындары, Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде Сізге зор үміт артып, еліміздің Конституциясында кепілдік берілген құқықтарымызды қорғау мақсатында осы үндеуді жолдап отырмыз. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселемізге назар аударып, заң аясында әділ шешім қабылдануына ықпал етеді деп сенеміз", – делінген үндеуде.

Тұрғындардың айтуынша, 2012 жылы Еламан ауылының бір бөлігінде сібір жарасына байланысты мемлекеттік акт рәсімделген. Алайда осы шешімнің қабылдануына нақты ғылыми дәлелдер мен толыққанды зертханалық сараптамалар емес, сол кезеңдегі ауызша мәліметтер мен болжамдар негіз болған деген күмән тұрғындар арасында әлі күнге дейін сақталып келеді.

Олар егер бұл аумақта шынымен сібір жарасының қауіпті ошағы болған жағдайда, мемлекет мұнда тұрғын үй құрылысына жер бөлмей, халықтың тұрақты қоныстануына рұқсат бермес еді деп есептейді. Өйткені кейінгі жылдары бұл аумақта тұрғын үйлер салынып, мектеп пайдалануға берілген, жол, электр, ауыз су және газ желілері тартылған.

"Алайда іс жүзінде мемлекет тарапынан азаматтарға заңды түрде жер телімдері берілді, тұрғын үйлер салынды, мектеп пайдалануға берілді, автомобиль жолдары төселді, электр желілері тартылды, ауыз су жүйесі жүргізілді, табиғи газ жеткізілді және басқа да инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым толық қалыптастырылды. Бұл өз кезегінде аталған аумақтың толыққанды елді мекен ретінде қарастырылғанын және мемлекет тарапынан игеруге жарамды деп танылғанын көрсетеді", – дейді үндеу авторлары.

Соған қарамастан, тұрғындардың сөзінше, бүгінгі күні 2012 жылғы мемлекеттік актінің салдарынан көптеген азамат өздерінің мүліктік құқықтарын толық көлемде пайдалана алмай отыр. Атап айтқанда, жер телімдерін заңдастыру, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу, құрылыс жүргізу, инвестиция тарту, мүлікті кепілге қою немесе сату барысында түрлі құқықтық және әкімшілік кедергілер туындап келеді.

Тұрғындар мұның салдарынан азаматтардың Конституциямен кепілдік берілген құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келіп отырғанын айтады.

Сонымен қатар үндеуде осы уақытқа дейін аталған аумақтың нақты санитариялық-эпидемиологиялық жағдайына заманауи ғылыми әдістермен кешенді зерттеу жүргізілгені туралы халыққа ресми әрі толық ақпарат ұсынылмағаны атап өтілген.

"Ғылым мен зертханалық диагностиканың қазіргі мүмкіндіктері қауіпті инфекциялардың бар-жоғын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан мәселені тек бұрынғы құжаттарға ғана сүйеніп емес, қазіргі ғылыми талаптарға сәйкес қайта қарау қажет деп санаймыз", – делінген үндеуде.

Осыған байланысты Еламан ауылының тұрғындары Президенттен бірқатар нақты шара қабылдауды сұрады.

Атап айтқанда, олар 2012 жылы Еламан аумағында сібір жарасына байланысты мемлекеттік актінің қандай негіздермен қабылданғанын жан-жақты әрі тәуелсіз тексеруді, сол кездегі барлық архивтік материалдарға, санитариялық құжаттарға, ветеринариялық деректерге және зертханалық қорытындыларға құқықтық баға беруді өтінген.

Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның жетекші ғылыми-зерттеу ұйымдары мен тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, қазіргі заманғы ғылыми және зертханалық зерттеулер ұйымдастыруды сұраған.

Бұдан бөлек, егер жүргізілген тексерулер нәтижесінде аталған шектеулердің жеткілікті ғылыми немесе құқықтық негізі жоқ екені анықталса, оларды заңнама талаптарына сәйкес алып тастауды, сондай-ақ Еламан ауылы тұрғындарының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және мәселені қолданыстағы заңнама аясында әділ шешу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беруді өтінген.

Үндеу соңында тұрғындар олардың мақсаты қандай да бір мемлекеттік органды айыптау емес екенін ерекше атап өткен.

"Біздің мақсатымыз – қандай да бір мемлекеттік органды айыптау емес. Біз тек көп жылдан бері тұрғындарды алаңдатып келе жатқан мәселенің ақиқатын анықтап, оның ғылыми, құқықтық және заңды тұрғыдан әділ бағалануын қалаймыз. Егер қауіп расында бар болса, халық оған қатысты толық әрі нақты ақпарат алуға тиіс. Ал егер мұндай қауіп ғылыми тұрғыдан расталмаса, онда азаматтардың құқықтарын шектейтін негізсіз кедергілер жойылып, тарихи әділеттілік қалпына келтірілуі қажет", – дейді ауыл тұрғындары.

Сөз соңында үндеу авторлары Мемлекет басшысының әділдік қағидаттарын берік ұстанатынына және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бағытындағы жұмысына сенім білдіріп, Еламан ауылы тұрғындарының өтініші заң талаптарына сай ашық, объективті әрі әділ қаралады деген үмітін жеткізген.

"Біз Сіздің әділдік қағидаттарын берік ұстанатыныңызға және халықтың үнін еститін мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асыру жолындағы ұстанымыңызға сенім білдіреміз. Сондықтан Еламан ауылы тұрғындарының осы өтінішіне ерекше назар аударып, мәселенің заң талаптарына сай, ашық, объективті және әділ қаралуына ықпал етеді деп үміттенеміз", - деп қорытындылаған үндеу авторлары.