"Күдікті прокурордың ұлы". Белгілі журналист Берденовке жасалған шабуылға байланысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 12 там. 2025 10:56

Шымкентте Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуыл қоғамда үлкен резонанс тудырды. Журналист Ботагөз Омарованың айтуынша, күдікті Ернар Жиенбай – бұрынғы прокурордың ұлы әрі "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің басшысы, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның сөзінше, бұл компания қалада көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге бөлінген 3,4 миллиард теңгені тендерсіз игерген.

"Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиенбай кездейсоқ тұлға емес. Ол – прокурорлар отбасында дүниеге келіп, кейін "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің басшысы атанған. Ең бастысы бұл компания тендер өткізбестен-ақ миллиардтаған қаржыны иемденген", - дейді ол.

Журналистің айтуынша, 2024–2026 жылдарға арналған жөндеу бағдарламасы аясында "Тұрғын үй Шымкент" компаниясына мемлекеттік сатып алу рәсімінсіз 3,4 млрд теңге бөлінген. Алайда жоспарланған 22 үйдің тек 10-ында ғана жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қалған қаражаттың қайда жұмсалғаны туралы нақты есеп берілмеген.

Журналисттің айтуынша, оқиғаға дейінгі он күн бұрын қала әкімдігінде өткен жиында Ернар Жиенбайдан жұмыс есебі талап етілген.

"Сол кездесуде Берденов қаражаттың нақты қайда жұмсалғанын сұраған. Жиенбай жауап бере алмай, ашуға булыққан. Кейін оны залдан шығарып жіберген", – дейді Омарова.

Тергеу органдары бұл істі қызғаныштан туған қылмыс емес, мүмкін болатын қаржылай заңбұзушылықты жасыру әрекеті ретінде қарастырып жатыр. Омарова бұл нұсқамен келісетінін айтты.  

"Қызғаныш деген – тек жазаны жеңілдету үшін ойлап табылған себеп. Мұндай жағдайда шартты түрде босап шығу да ықтимал. Ал енді "аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру" бабымен сотталса, жаза тым ауыр, 12 жылдан басталады және шартты түрде босап шығуға мүмкіндік жоқ. Сол себепті Жиенбай қазір барлық тәсілмен Руслан Берденовті қаралауға тырысып жатыр. Тіпті арандату мен жала жабуға дейін барып жатқаны байқалады. Бірақ қалай болғанда да, бұл іске байланысты тағылған айып – өте ауыр. Енді барлығы соттың әділдігіне байланысты. Дегенмен, шынайы сот төрелігін күтуге себеп аз.

Біріншіден, Шымкенттегі заңсыздықтар мен әділетсіздіктер туралы ел арасында айтылып жүрген әңгіме аз емес. Екіншіден, Ернар Жиенбай — бұрынғы прокурордың баласы. Ал "бұрынғы прокурор" деген ұғым бұл жүйеде жай ғана атақ емес...", - дейді ол.

Бұған дейінгі жағдай

Еске салайық, бұған дейін Руслан Берденов сотқа келуге міндеттелгені хабарланды. Сот отырысында судья Әбінұр Қарабаев Руслан Берденовті 6 тамызға жоспарланған негізгі сот процесіне міндетті түрде қатысуға шақырды.

Себебі Руслан Берденов алдын ала тыңдауға өзі келмеген еді. Оның өкілі Руслан Берденов ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.

Әкімдік маңындағы атыс туралы

21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Артынша күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл іс бойынша басты күдікті - Ернар Жиембай. Ашық форматта өткен алдын ала тыңдау кезінде судья Жиембайдың сот процесі барысында өзін түсіруге қарсы екенін жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар