КТК телеарнасы 2025 жылдың қорытындысы бойынша шығынға ұшырады. Осыған байланысты компанияның ірі акционерлерінің бірі саналатын Нұрсұлтан Назарбаев қорына тағы да дивиденд төленбейді, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл мәлімет Қаржылық есептілік депозитарийіне жолданған құжатта көрсетілген. Онда акционерлердің 28 мамырда өткен жиналысында қабылдаған шешімдері жазылған.
Құжатқа сәйкес, компания акционерлері 2025 жыл шығынмен аяқталғандықтан, таза табысты бөлмеу жөнінде шешім қабылдаған. Осыған байланысты КТК-ның жай акциялары бойынша дивиденд төлеу тоқтатылды.
Айта кетейік, телеарна 2022, 2023 және 2024 жылдардың қорытындысы бойынша да жай акциялар бойынша дивиденд төлемеген.
Сондай-ақ 2025 жылдың нәтижесіне байланысты Директорлар кеңесінің мүшелері, бас директор және басқарма құрамындағы тұлғалар да сыйақы алмайды.
Төлем тек басымдыққа ие акциялар бойынша жасалады. Бұл қаражат бұрын жинақталған қор есебінен бөлінеді. Бір акцияға 100 теңгеден есептелген. Компания жарғысына сәйкес, мұндай 500 акция бар. Яғни төлемнің жалпы сомасы 50 мың теңгені құрайды.
Акционерлер жиналысында аудиторлық ұйымды ауыстыру мәселесі де қаралған. КТК-ның 2026-2028 жылдарға арналған қаржылық есебін тексеру «Kaz Audit Finance» компаниясына тапсырылды. Сонымен бірге Есеп комиссиясының құрамы жаңартылып, оған үш жаңа маман енгізілді.
Egov дерегіне сәйкес, КТК телеарнасының 105 құрылтайшысы бар.
Қаржылық есептілік депозитарийі сайтында компанияның 2025 жылғы қаржылық есебі әзірге жарияланбаған. Ал бұған дейінгі есептерге қарағанда, 2024 жыл телеарна үшін табысты болған. Екі жыл бұрын КТК-ның таза пайдасы 67,4 млн теңгені, ал 2023 жылғы табысы 64,9 млн теңгені құраған.
Компанияның тауарлар мен қызметтерді өткізуден түскен табысы 5,7 млрд теңге болған. Көрсетілген қызметтердің өзіндік құны 4,7 млрд теңгеге жетіп, жалпы табыс 970,2 млн теңгені құраған. Салық төлеуге дейінгі пайда 94,9 млн теңге болған.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры 2000 жылы құрылған. Қор дарынды жастарды қолдау, әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамыту, сондай-ақ сараптамалық-талдау бағытындағы жұмыстарды ілгерілетумен айналысады.