"Кредит алу тәртібі қатаңдайтыны анық". Сарапшы жаңа өзгерісті түсіндірді

Сағыныш Сардарова 07 қар. 2025 13:29

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстан азаматтары банкке өз аяғымен барып, өзі келісімшартқа қол қоймаса, несие алаяқтық деп саналып, оны банк өзі төлейтінін мәлімдеді. Депутат әлеуметтік желіде ұсыныстары қабылданғанын жеткізді.

Dalanews.kz экономист Бауыржан Ысқақовпен осы турасында сұхбаттасты.

Енді қарапайым адамдардың кредит алуы қиындап кетпей ме? Бұл сауалға сарапшы былай деп жауап қатты:

"Кредит алу тәртібі қатаңдайтыны анық. Банктер мен микроқаржыұйымдары клиенттердің жеке басын, олардың табысын, транзакция тарихын тереңірек тексере бастайды. Онлайн өтініштерде биометрия, Egov арқылы растаулар, электрон қолтаңба жиі талап етілуі мүмкін. Сондай-ақ, ішкі қауіпсіздік жүйелері де күшейтіледі. Осының бәрі кредит рәсімдеу уақытын ұзартып, экспресс несиелер азаюына мүмкіндік береді. Дегенмен ресми табысы, тұрақты жұмысы, талап етілген құжаттары бар адамдар үшін несие алу мүмкіндігі сақталады. Қарапайым тұтынушыларға тексерістер мен талаптардың көбеюі ғана әсер етуі мүмкін".

Сонымен қатар, сарапшы несие алаяқтық жолмен алынғаны қалай тексерілетінін түсіндірді.

"Атыңызға несие алаяқтық жолмен рәсімделген болса, алдымен банкке ресми арыз жазып, полицияға шағым беруіңіз керек. Яғни полиция тексеру-тергеу актісін беруі керек. Тексеру кезінде банк пен құқық қорғау органдары биометрия, электрон цифрлық қолтаңбаның сәйкестігін, өтініші берілген әртүрлі дерек, камера жазбаларын, транзакция журналдарын, қызметкерлердің әрекеттерін тексереді. Алаяқтық расталса, банк қарызды өндіріп алуды тоқтатады немесе қарызды өз мойнына алып, есептен шығарады. Клиенттің кредиттік тарихын түзетеді", - деп түйіндеді Бауыржан Ысқақов.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың атынан заңсыз рәсімделген несиелер сотсыз кешірілетіні хабарланды. 

Кейінгі екі жылда банктер 1,4 мың адамның 1,9 миллиард теңге көлеміндегі несиесін сотсыз жойған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар