Алматы облысында екі жекеменшік стоматологиялық клиниканың басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 65,9 млн теңгені заңсыз алғаны анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тексеру барысында клиника басшылары пациенттердің жеке мәліметтерін рұқсатсыз пайдаланып, медициналық ақпараттық жүйеге жалған деректер енгізгені белгілі болды. Құжаттарда туа біткен патологиясы бар балаларға ортодонтиялық көмек көрсетілді деп жазылған. Алайда іс жүзінде мұндай қызметтер көрсетілмеген.
Жалған мәліметтер негізінде Медициналық сақтандыру қорының қаражатынан стоматологиялық клиникаларға заңсыз төлем жасалған. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 65,9 млн теңгені құрады.
Прокуратураның тексеру материалдары бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен, яғни аса ірі мөлшердегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Сот үкімімен кінәлі тұлға жауапқа тартылды. Мемлекетке келтірілген залал толық өтелген.