15 наурызда өтетін республикалық референдум азаматтарға жай ғана заңнамалық түзетулерді ұсынғалы отырған жоқ, мемлекетті дамытудың жаңа философиясын көрсетпек. Құжаттағы негізгі бағыттардың бірі – білім мен ғылым салаларының басымдығын құқықтық тұрғыда бекіту. Ұсынылып отырған өзгерістер аталған салаларды дамыту мен қаржыландыруды конституциялық кепілдіктер қатарына енгізеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстан тарихында алғаш рет білім, ғылым және инновация ұғымдарын Конституцияның преамбуласына енгізу ұсынылып отыр. Бұл аталған салалардың мемлекеттің іргелі қағидаттарына айналатынын білдіреді. Яғни, келешекте қабылданатын кез келген заң мен бағдарламалар осы бағдарға сай болуы тиіс.Осылайша оларды уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты қайта қарау мүмкіндігі шектеледі.
Реформаның маңызды жаңалығы – әлеуметтік маңызы бар негізгі салаларды қаржыландыруды қысқартуға жол бермейтін тетіктердің енгізілуі. Жаңа нормаларға сәйкес, мемлекеттік органдар педагогтердің жалақысын төмендету немесе ғылым саласын қаржыландыру көлемін азайту туралы бастама көтере алмайды. Мұндай әрекеттер Конституцияға тікелей қайшы деп бағаланады. Бұл ережелерді жоғары заңдық деңгейде бекіту білім және ғылым қызметкерлеріне қатысты бюджеттік міндеттемелерді негізсіз қайта қарауға берік тосқауыл қояды.
Ауқымды жаңашылдықтарға қарамастан, мемлекет негізгі әлеуметтік міндеттемелеріне адал болып қала береді. Жаңа Конституцияда келесідей кепілдіктер нақты әрі өзгеріссіз сақталады:
1.Тегін орта білім алу кепілдігі. Әрбір бала мемлекет есебінен мектепте білім алу құқығын сақтайды.
2.Жоғары білімге қол жеткізу. Мемлекеттік гранттар жүйесі мен конкурстық негізде диплом алу кәсіби кадрларды даярлаудың басты тетігі болып қалады.
Бұл нормалардың Ата заңда бекітілуі білім беру жүйесін сыртқы факторлар мен экономикалық құбылуларға төзімді етеді.Ғылым мен білімді дамытуға қатысты нормаларды жаңа Конституция мәтініне енгізу еліміздің адами капиталын институционалдық тұрғыда нығайтуға бағытталған. Оларды конституциялық деңгейге көтеру мемлекетміндетін күшейтіп, алдағы уақытта қаржылық және әлеуметтік кепілдіктерді қайта қарау тәуекелдерін азайтады.
