Конституциялық комиссияның төртінші отырысында қандай мәселелер көтерілді?

Көркем Алдабергенова 28 қаң. 2026 17:38

Конституциялық комиссияның төртінші отырысында ұсынылып отырған негізгі өзгерістер жария етілді. Түзетулердің мазмұнын Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов таныстырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, жоспарланған өзгерістер Қазақстан Конституциясы мәтінінің басым бөлігін қамтиды. Атап айтқанда, Негізгі заңның 84 пайызына түзету енгізу көзделген. Құжатқа «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім қосылады. Сонымен қатар қазіргі қолданыстағы төрт бөлімнің атауы жаңартылады.

Конституцияның преамбуласы да толықтай қайта жазылмақ. Жаңа редакцияда Қазақстан адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде мойындайтын демократиялық, зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалады.

Ұсынылған түзетулерде отбасылық құндылықтарды сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге ерекше мән берілген. Атап айтқанда, адам өмірінің үстем құндылық екені, жеке деректерді қорғау, жеке тұлғаның қол сұғылмауы, әлеуметтік қолдауды арттыру және құқықтық айқындық қағидаттары конституциялық деңгейде бекітіледі.

Сонымен қатар Қазақстанның Халық кеңесі бүкіл халықтың мүддесін білдіретін өкілді орган ретінде белгіленбек. Құрылтайдың сессияларын өткізу мен оның қызметін ұйымдастыруға қатысты нормалар қайта қаралады. Заң жобаларын ұсыну құқығы бар бастамашылардың тізімі кеңейіп, заңмен реттелетін қоғамдық қатынастар аясы ұлғаяды. Халық кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру ұсынылып отыр.

Бұдан бөлек, жедел экономикалық даму аймақтары үшін арнайы құқықтық режим енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл норма «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Алатау қаласына қатысты болмақ. Дегенмен ұсыныс ел экономикасын ынталандыруға бағытталғанымен, мемлекеттің унитарлық сипаты, аумақтық тұтастығы, қол сұғылмауы және бөлінбейтіндігі туралы негізгі қағидаттар өзгеріссіз қалатыны атап өтілді.

Еске салайық, бұған дейін сарапшылар Конституциядағы жаңа ұсыныстарды сынға алған еді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove