Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформа бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құжатқа сәйкес, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия (Конституциялық комиссия) ресми түрде құрылды. Сонымен қатар Комиссияның қызметін айқындайтын ереже және оның жеке құрамы бекітілді.
Жарлықта Комиссияның негізгі міндеті – елдің Негізгі заңын жаңғыртуға бағытталған ұсыныстарды тұжырымдау екені көрсетілген. Ал құжаттың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелді.
Аталған Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Комиссия құрамына кімдер кіреді?
Комиссия құрамына төраға, төрағаның орынбасарлары, хатшысы және мүшелері кіреді. Комиссия төрағасы болып Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Әзімова Эльвира Әбілқасымқызы тағайындалды.
Комиссия төрағасының орынбасарлары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева болып бекітілді.
Комиссияның хатшысы - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі Айдар Жарылғанов.
Комиссия құрамына Парламент депутаттары, мәслихат төрағалары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық кеңестер мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, сондай-ақ сарапшы және ғылыми қауымдастық өкілдері де енгізілді.
