Freedom Inside '26

Конституциялық сот қамауда ұстау мерзіміне қатысты норманы Конституцияға қайшы деп таныды

Конституциялық сот қамауда ұстау мерзіміне қатысты норманы Конституцияға қайшы деп таныды
Ашық дереккөз.

Конституциялық сот қылмыстық процесте айыпталушыларды қамауда ұстау мерзіміне қатысты бірқатар нормаларды қарап, олардың бір бөлігін Конституцияға сәйкес емес деп таныды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сотқа азаматтар Қылмыстық-процестік кодекстің бұлтартпау шараларын қолдану тәртібі мен сотталушыны қамауда ұстау мерзімдерін реттейтін бірнеше бабына қатысты өтінішпен жүгінген.

Өтініш иелері адамның бостандығын шектеу мәселелерін қарау кезінде қолданылатын мерзімдерді есептеу тәртібінің Конституцияға сәйкестігіне күмән келтірген.

Бірінші жағдайда сотталушыны қамауда ұстау мерзімі заңда белгіленген алты айлық мерзім аяқталғаннан кейін ұзартылған. Екінші жағдайда қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы он екі айлық мерзімнің аяқталуына байланысты үйқамаққа ауыстырылғанымен, кейін қайтадан қамауға алу мүмкіндігі сақталған.

Конституциялық соттың атап өтуінше, Конституция әрбір азаматтың жеке бас бостандығына кепілдік береді. Сондықтан қамауға алу мен қамауда ұстау тек заңда көзделген жағдайларда және нақты белгіленген мерзімдер шегінде ғана жүзеге асырылуы тиіс.

«Заңда көзделген мерзімнен артық қамауда ұстау адамның конституциялық құқығын бұзады және құқықтық айқындық қағидатына қайшы келеді», – деп мәлімдеді Конституциялық сот.

Нәтижесінде Конституциялық сот Қылмыстық-процестік кодекстің 342-бабының үшінші бөлігіндегі «осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін» деген сөздерді Конституцияға сәйкес емес деп таныды.

Сонымен қатар сот басқа да қаралған нормаларға түсіндірме беріп, он екі айлық шекті мерзім аяқталғаннан кейін сотталушыны қайтадан қамауда ұстауға жол берілмейтінін нақтылады.

Конституциялық сот Үкіметке алты ай ішінде Қылмыстық-процестік кодексті соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкестендіру үшін заңнамалық өзгерістер әзірлеуді ұсынды.