"Көмек сұрап бармаған жерім жоқ". Атырауда жалғыз ұлынан айырылған әйел әділдік үшін өзіне қол жұмсамақ болды

Сағыныш Сардарова 08 қаз. 2024 11:56 2123

Атырау қаласы Ақжар ауылында 13 жастағы жалғыз ұлынан айырылған Анаргүл Қасантаева тергеу әділетсіз екенін айтып, Жайық жағасында өз-өзіне қол жұмсамақ болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Stan.kz-ға сілтеп.

Басылым мәліметінше, Ақжар ауылында 21 тамызда 7-сынып оқушысы Мерлан белгісіз жағдайда суға батып қаза тапқан. Марқұмның анасының айтуынша, ұлының суға өз еркімен түсіп, батып кетуі мүмкін емес. Себебі Мерланды сол күні көргендердің бәрі анасына “10-сыныптағы оқушы оны суға итеріп жіберді, ұлыңызды іздемей-ақ қойыңыз” деп айтқан.

Анаргүл Қасантаева жалғыз ұлынан айырылғалы бері полиция мен прокуратураның табалдырығын тоздырғанын алға тартты. Оның сөзінше, тергеу әлі күнге дейін созылып, ешқандай нәтиже болып жатқан жоқ. Құлазыған ана тіпті өмірден баз кешкенін жасырмады.

“Міне ұлымның қазасынан бері қанша уақыт өтті. Тергеушілер тағы бір апта күтіңіз деді, күттім. Екінші аптаға кетті. Алайда ұлымды суға түсуге итермелегендер әлі бостандықта. Ешқандай шара қабылданып жатқан жоқ. Тергеу жүргізіліп жатыр дейді. Бірақ осымен тергеушілердің бірнешеуі ауысты. Әлі бір дұрыс жауап естімедім. Әділдік пен көмек сұрап бармаған жерім жоқ. Тіпті прокуратураға барғанымда күзетшілер мені жұлқылап қуып шықты. Басқа амалым да қалмады”, – деді қайғы жұтқан ана.

Марқұмның анасы істің 104-баптан ауыстырылуын талап еткен.

“Жалғыз ұлым еді. Күдіктілер бостандықта. Ал тергеу әлі 104-баптан ауыстырылмады. Сұрасам ауыстырамыз, тергеп жатырмыз дейді. Бірақ қанша уақыт өтті әлі ешқандай нәтиже жоқ. Бармаған жерім жоқ. Бәрінен көмек сұрадым. Әлеуметтік желіде де осы мәселемді жазып көтердім. Бірақ еш көмек болып жатқан жоқ.

Міне дәл, қазір ұлым суға кеткен Жайықтың жағасында отырмын. Өзім де осы суға кетсем, бәлкім іс сонда ғана әділ тергелер. Қазақстанда әділдік қайда? Адамдарға не болған? Бәрінен шаршадым! Егер мен де ұлымның артынан суға кетсем, осы оқиғаны жазып шығарарсыздар”, – деді Анаргүл.

Атырау қаласының полиция департаменті бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

“Оқиғаға байланысты Жайық жағасы тексерілді. Участкелік полиция үйіне барып тексеріп, үйінде екенін анықтады. Бұл жағдайға қатысты іс тергеліп жатыр. Тергеу ол бір күнде бітетін іс емес. Жәбірленуші тарапты түсінеміз. Сол үшін де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жан-жақты кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл кісі генералдың да қабылдауында болды. Құқықтық кеңес берілді. Жергілікті полиция басшылығы бақылауға алып, тұрғынның жағдайын тексеріп тұрады”, – деді Полиция департаменті өкілі.

Атырау қалалық прокуратурасы да жағдайға түсінік берді. Олардың сөзінше, Анаргүл Қасантаеваны ешқандай кедергісіз қабылдаған.

“Келген кісіні біз қуып жібермейміз. Заң бойынша түсіндіріп айттық. Түсінгісі келмейді енді. Қайғыда отырған адамды түсінеміз. Тергеу тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеудің құпиялығына байланысты ақпаратты жария ете алмаймыз. Сот медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Содан кейін барып шешім қабылдаймыз. Сараптама осы апта шығады деп күтудеміз. Ал бапты ауыстыру бойынша мәселе сараптама қорытындысынан соң белгілі болады. Күніне үш рет келсе, үш рет қабылдап отырмыз бұл кісіні. Бізге келгенде ол кісі түсінгендей болып, шығып кеткен еді”, – деді Атырау қаласының прокуратура өкілдері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар