Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев сыбайлас жемқорлық бойынша ұсталды деген ақпарат тарады. Шенеунік жол құрылысын бақылаушы компаниядан 78 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Дереккөздер мәліметінше, бұл қаражат Ұлыбританияда оқитын баласының оқу ақысын төлеуге жұмсалған деген болжам бар, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу деректеріне қарағанда, Аблалиев республикалық маңызы бар жолдар құрылысын техникалық қадағалау саласындағы жекелеген компанияларға заңсыз түрде қолдау көрсеткен. Осы қызметі үшін ол ірі көлемде пара алған болуы мүмкін.
Сәтжан Аблалиев көлік вице-министрі қызметін 2023 жылдан бері атқарып келген. Бұған дейін ол ұзақ жыл бойы Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары болған.
2021-2023 жылдар аралығында Аблалиев Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін де атқарған.
Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Көлік министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бұған дейін министрлік жолаушылардың багаж салмағын біріктіру мәселесін қарастырып, жаңа ұсыныстар енгізген болатын.