Көлігіне жалған нөмір таққан полиция бастығы жұмысынан қуылды

Dalanews 10 қар. 2021 03:25 935

Қостанай облысының Сарыкөл ауданында полиция бөлімінің бастығы Қайрат Әбдіқалықов жалған нөмірі бар жұмыс көлігін пайдаланып, бейне бақалауға түсіп қалғаннан кейін отставкаға кетті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған фактіге қатысты Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.

Ведомствода хабарлағандай, ҚР ІІМ-де полицияны реформалау аясында басты басымдық белгіленген. Ол – жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіпті сақтау.

– Youtube-те жарияланған видео бойынша Қостанай облысының ПД Сарыкөл ауданының полиция бөлімінің бастығы Қайрат Әбдіхалықовтың заңсыз әрекеті туралы қызметтік тергеу жүргізілді. Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін Сарыкөл аудандық ПБ полиция қызметкерлері қатаң тәртіптік жауапқа тартылды, – деп хабарлады полиция агенттік тілшісіне. Сонымен қатар, жүргізушіні әкімшілік жауапқа тарту үшін материал Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасына жолданған.

«Осыдан кейін Сарыкөл ауданының полиция бастығы Қайрат Әбдіхалықов қызметінен босату туралы баянат жазды» деп толықтырды полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар