Ақмола облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі департаменті прокуратураның үйлестіруімен S-Group қаржы пирамидасының Көкшетаудағы бөлімшесі басшыларына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу дерегінше, ұйымдастырушылар "S-Pharmaceutical" компаниясы арқылы медициналық каннабис өндіру және тарату жобасына инвестиция салу сылтауымен азаматтарды тартқан. Олар әрбір жаңа қатысушыны шақырған адамға салым сомасының 5 пайыз мөлшерінде табыс уәде еткен. Жобаға қатысу үшін сайт арқылы тіркеліп, 100 доллардан бастап жарна енгізу талап етілген.
Агенттік мәліметінше, күдіктілердің бірі бұрын "Life Is Good" және "Finiko" қаржы пирамидаларының қатысушысы болған. Ол сол жобалардан табыс тауып, кейін ұқсас схеманы пайдаланып өз жобасын құруға шешім қабылдаған.
Нәтижесінде қаржы пирамидасына 59 азамат тартылып, олар жалпы сомасы 136 миллион теңгеден астам қаражат салған.
"Күдіктілер жиналған ақшаны пайдаланып, елордадан екі пәтер мен тұрақ орнын сатып алған. Сот санкциясымен бұл мүлікке қамау шарасы қолданылды", – делінген агенттік хабарламасында.
Үш ұйымдастырушыға қатысты елден шығуға тыйым салынып, қолхатпен босату түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Агенттік өкілдері істің басқа деректері ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайтынын атап өтті.