Көкшетауда қалалық сот әкімшілігінің 27 жастағы басшысы өзіне қол жұмсады

Көкшетауда қалалық сот әкімшілігінің 27 жастағы басшысы өзіне қол жұмсады
Фото: Qumash

Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы, 27 жастағы Аян Дүйсеков өзіне қол жұмсап, көз жұмды. Полиция оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Qumash дереккөзінің мәліметінше, марқұмның жақындары кейінгі айларда оған жұмыс орнында моральдық және психологиялық қысым көрсетілуі мүмкін екенін жеткізген. Туыстарының сөзінше, Аянға әділетсіз тәртіптік жаза қолданылған. Бұдан бөлек, қызметтік пәтер берілгеніне бірнеше ай өткенде, оны босату талап етілген.

Аян Дүйсеков қызметтік пәтерде жұбайы және бір және үш жастағы екі баласымен тұрған. Жақындарының айтуынша, ол сот саласындағы қызметін жалғастырып, болашақта судья болуды жоспарлаған.

Марқұмның отбасы Аянға әріптестері тарапынан қысым жасалды ма деген мәселені мұқият тексеруді талап етіп отыр. Сондай-ақ олар оның өлімінен кейін кейбір сот қызметкерлері еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдегені туралы ақпараттың да анық-қанығына жетуді сұрады.

Қазір полиция қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр.