Көкпекті ауданында не атқарылды? Ахметов аудан әкімінің есебін тыңдады

Dalanews 09 ақп. 2021 09:16 844

 ШҚО әкімі Даниал Ахметов Көкпекті ауданының әкімі Серікқазы Сәдуақасовтың 2020 жылы Көкпекті ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2021 жылда атқарылатын жұмыстары туралы баяндамасын тыңдады.


Жиынға қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ауданның тұрғындары онлайн форматта қатысты.


Өткен жылы Көкпекті ауданының жергілікті атқарушы органдарының жұмысы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруға бағытталды. Нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша Көкпекті ауданында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінің оң серпіні байқалды.


Бірнеше жыл бойы аудан көлемінде шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі Тассай ауылына кіре беріс жол болған болатын.


Өткен жылы «Өңірлерді дамыту 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында сметалық құны 275,4 млн теңге құрайтын «Тассай ауылына кіре беріс» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында 2020 жылы Көкпекті ауылының көшелеріне 158 млн теңге құрайтын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, "Өңірлерді дамыту 2020-2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында Көкпекті ауданында 14 жоба бойынша жұмыстар жургізілуде.



-        Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға үй салу бағдарламасы біздің ауданымызда сәтті жүзеге асырылды. 20 екі пәтерлі жеке тұрғын үйдің құрылысы толығымен аяқталды. Олар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға кезектілік тәртібімен таратылды. Жалпы аудан бойынша 2,7 есе өсіммен 10 159 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, - деді аудан әкімі Серікқазы Сәдуақасов.


Биыл Самар ауылында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 10 екі пәтерлі жеке тұрғын үй бой көтереді. Сондай-ақ, аталған ауылда орналасқан 5 қабатты 60 пәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізіледі.


-        Құрметті Даниал Кенжетайұлы, облыстың көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына жасап жатқан жақсылығыңыз үшін алғыс айтамын. Мен өткен жылы көпбалалы ана ретінде кезекпен баспанаға ие болдым. Көп жылдар бойы аңсаған арманым орындалып, отбасымызбен мәз-мейрам болдық. Жалпы, біздің ауданымызда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Үйлер өте жайлы, кең, -  деді көпбалалы ана Мадина Қожахметова.


Өткен жылдың қорытындысы бойынша Көкпекті ауданын таза ауыз сумен қамту 18 пайызға өсті. Бүгінгі таңда 35 ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтамыз етілген, бұл жалпы көрсеткіштің 70 %.



–       Көкпекті ауданында өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылған. Тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші жоғары. Жол құрылысы да оң шешімін тауып келеді. Ағымдағы жылы жол жөндеуге 160 млн. бөлініп отыр. Бұл мәселені тағы қарастырамыз, керек болса тағы бөлеміз. Сонымен қоса, Самар ауылында жаңа спорт кешені салынады. Жалпы, биыл облыс бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 22,4 млрд. теңге игеріледі. 14 әлеуметтік сала, 33 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандары салынады, - деп қорытындылады аймақ басшысы Даниал Ахметов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар