"Кісі өлтірген": Қазақстанда бірнеше жыл іздеуде жүрген қылмыскерлер қолға түсті

Қаракөз Амантай 12 ақп. 2024 10:27 2631

Жыл басынан бері ішкі істер министрлігінің жедел қызметтері іздеуде жүрген 300-ден астам қылмыскерді ұстады, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен 200-ден астам адамды анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мәселен, Павлодар облысының кенттерінің бірінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде павлодарлық тұрғынды атыс қаруымен атып өлтіргені үшін 2011 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Данат Бакибаев ұсталды.

Ал Алматы облысында Сабыржан Масахбаев ұсталды. Ол 2023 жылдың аяғында Алматыда алдын ала сөз байласу арқылы Сингапур азаматына шабуыл жасап, 3 млн теңге мен 13 мың АҚШ долларынан астам ақшаны тартып алған. Ұсталған адамның сыбайластары бұрын құрықталған.

Түркістан облысында полиция 10 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы Жамшид Ахмедовті ұстады. Шетелдік азамат Сарыағаш ауданындағы "Жібек жолы" шекара бекетінде шекарадан өту кезінде қамауға алынды. Ер адам 2014 жылдан бастап Ресей Федерациясының Иркутск қаласында кісі өлтіргені үшін іздеуде болды.

ІІМ жедел бөліністерінің қызметкерлері Шымкентте көрші мемлекеттің құқық қорғаушыларымен алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген тағы бір өзбекстандық Маруфжон Жураевты ұстады.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар