Осымен екі апта бойы Алматы қаласының әкіміне жасалған ақпараттық қысым толастар емес, өйткені.
Шабуылды "Караван" газеті бастап берді. «Көк-жасыл қаланың сиқыршысы: Байбек Алматыда не бүлдірді?» деген мақаланы осы күнге дейін 100 мыңнан аса адам оқыған екен. Біз де оқыдық.
Әкімнің жұмысын ашық сынаған басылымның жазуынша, қалаға басшы болғалы уақытта Байбек түк бітірмеген.
"Қар тазаланбаған, арық аршылмаған, жол жөнделмеген, қоғамдық көліктің сиқы анау, тау етегіндегі үйлер тасқынның астында қалды. Мектептерде оқушылар сығылысып оқуға мәжбүр. Бір ғана "Оңай" жүйесін алайық. Қоғамдық көлікті тәртіпке келтірем дегеніне екі жылдың жүзі болды. Уәдесін орындады ма? Жоқ. Жаңадан әкелем деген 300 автобус қайда? Ешкім білмейді. Есесіне өз-өзіне жарнама жасауға құмар. Көптің алдына шыққанда ұнатады. Шешен сөйлейді. Сөзі мен ісі сай емес, бірақ. Ол бастамашы болған кез-келген жаңа жоба қирап, құлап тынады" делінген мақалада.
Мақала авторы Байбектің Универсиаданы өз деңгейінде өткізбегенін де сынға алған.
"Караван" дереккөзінің мәліметінше, Алматы қаласындағы ауыс-түйіс жақын күндері орын алады. Байбектің өзі қандай қызметке тағайындалатыны әзірше белгісіз.
Былайынша, мақала орыстілді басылымдардың стилінде жазылыпты. Байбекке тиіскен себептердің көпшілігі тырнақ астынан кір іздегенге көбірек ұқсай ма, қалай?..
Біздің есімізде қалғаны, Байбек Алматыға әкім бола сала алдымен Қонаевқа Құран бағыштаған.
Алматыда 24 жыл бойына ел болып қойдыра алмай келе жатқан Саяси-қуғын сүргін мен ашаршылық құрбандарына арнап ескерткіш ашатынын айтты. Білсек, ескерткіш дайын. Алдағы уақытта ашылуы тиіс.
Ұлтшылдармен тілге келді. Біршама диалог құрды. Бірқатар көше атауларын ың-шыңсыз ауыстырды. Бала-бақшаның ақшасын арзандатты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын да өз деңгейінде атап өтті. Әзірге, есімізге түскені осы ғана. Мәселе, оны мақтауда емес.
Мәселе, Байбекке шабуыл жасауға кім пәрмен берді? Оны орнынан кетіруге кім мүдделі? Оған жасалған ақпараттық қысымның астарында не жатыр?
Думан БЫҚАЙ