Бұлайша сын айтуымызға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадеивтің журналистердің әлеуметтік желіде жұрттың оның отставкаға кетуін сұрап жатқанын айтып, сауал тастағанда: «Мұндай провокациялық сұрақтар қоймаңыздар. Оны шешетін Президент. Президент айтса кетемін», – деп бар жауапкершілікті Президентке арта салған соң айтып отырмыз.
Сонда біздің министрлер өз еріктерімен жұмыстан да кете алмай ма? Жөн білетін адам бұлай жауап қайтармаса керек еді.
Ерлан Сағадиев бұл жауабымен Президенттің абырой-беделіне көлеңке түсіргенін біле ме, екен. Әй, қайдам.
Бұл әңгіме демократиясы өркендеген Батыс елдеріндегі журналистердің құлағына жетсе, не ойлайды? Олар бізді баяғы Кеңестік ескі жүйенің сүрлеу-соқпағымен келе жатқан ел екен деп неше түрлі әңгімеге ерік бермей ме?
Бүгінгі дамыған заманда министр деген жауапкершілігі зор, саяси салмағы зілмауыр қызмет екенін еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін біледі. Сондықтан олар журналистердің әрбір сауалына байыппен жауап беруі керек.
Ал біздің министрлер болса, журналистердің әрбір сұрағын провакацияға балап, «Президент айтса кетемін» деп тастай қатып, Халық пен Президенттің арасына сына қағудан әріге аса алмауда. Осындайда санамызда «біздің шенділер Конститутцияны дұрыстап оқыды ма екен» деген сауал туындайтынын жасырып қайтеміз...
Біздің министрлер халықтың ой-пікірін білместен түрлі реформаларды бастап алып, жұрттың ашу-ызасын туғызып, соңында Президенттің алдында екі алған баладай бастары салбырап тұруы қазір әдетке айналды. Бұл дұрыс емес. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған Асылжан Мамытбековте «кетемін» деп кете алмай біраз қиналғаны есімізде. Сол бір қателікті енді Сағадеив қайталады.
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы біраз биілікті Парламент пен атқарушы билікке бөліп, министрлердің еркін қимылдауына жола ашты. Ал біздің министрлер болса, елімізде осындай маңызды реформа жүріп жатқанда «Президент айтса кетемін» бостық танытуын қалай түсінуге болады.
Алдағы уақытта Президенттің бастамасымен қолға алынған билік тармақтарын бөлу реформасы сәтті жүзеге асуы үшін бірінші кезекте «кет» десе кете салатын министрлерден құтылу керек сияқты. Олардың орнына табынының бүрі, халық мүддесі мен Президент абыройына сын келтірмей жұмыс істейтін іскер азаматтарды тартқан абзал. Сол кезде еліміз өсіп-өркендеу жолынан айнымайтын болады.
Н.ӘУБӘКІР.