Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жылқыға өз деңгейінде субсидия бөлінбей жатқанына наразы. Оның сөзінше, салдарынан жылқы малынан айырылып қалу қаупі да бар екен, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат Үкімет деңгейінде төніп тұрған қауіптің алдын алу үшін кешенді шаралар қажет екенін айтады.
"Жылқыға субсидия беру мәселесін Үкімет қайта қарауы тиіс. Бұған дейін ауыл шаруашылығында құс тұқымдарына дейін, тіпті шошқаға да субсидия болды, ал төрт түліктің төресі жылқыға мардымды субсидия болған жоқ. 2023 жылы жылқы шаруашылығына бар болғаны 52,9 млн. теңге бөлінсе, шошқа шаруашылығына 2,1 млрд. теңге бөлінген, яғни, 40 еседей көп..." - дейді Қазыбек Иса.
Қазыбек Иса қатаң ескерту жасады.
"Бұлай жемқорлықты желеу етіп, Үкіметтің субсидияны тоқтатып қою пиғылының кесірі өте ауыр болатынын ескертеміз. Бұл "кебісін жамау үшін мәсісін кесіп алыпты" дегендей, кері кеткен мәселе болғалы тұр. Жемқорлықты жою керек, әрине. Ол - құзыретті органдардың ісі. Жайылым мәселесін шешу үшін мемлекеттік комиссия құрылып, жердің қаншалықты, қалай жаратылып жатқанын түпкілікті тексеріп, жайылым жайын нақты шешу керек!" - дейді ол.