Кентау трансформатор зауыты ауған нарығына кірді

Dalanews 16 қар. 2018 08:32 911

Экспорттың шекарасы кеңігені Кентау қаласының көркеюіне де оқ ықпал етуде.  

“Қаланың көсегесін көгертіп отырған осы зауыт”, – дейді жергілікті жұрт.  Мыңнан астам адамды жұмыспен қамтығаны өз алдына, қала бюджетінің 70 пайызы зауыт төлеген салықтан құралады.

«Былтырғы жылдың 8 айында ғана трансформатор зауыты 12 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2016 жылдың дәл осы аралықтағы көрсеткішінен 50 пайызға артық», – деді бізге КТЗ техникалық директоры Нұрбол Тілемісов. 

Трансформатордың көкесін де осы арадан көрдік. Бір ғана былтырғы жылы зауыт – электрлі мотор, генератор, трансформаторларды қоса алғанда 10 988 дана өнім өндіріпті.

Биліктің бизнес өкілдеріне қарата «шетелдік нарыққа шығыңдаршы» деген өтінішін жерге қалдырмай,  іс жүзінде орындаған – осы Кентау зауыты. Өнімді экспорттауды трансформатор зауыты Досаевтың сөзінен көп бұрын бастап кеткен. Өндірген өнімінің 40 пайызын Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстан мен Тәжікстанға экспорттауда қазіргі таңда.

Мұнымен шектелмек емес. Биылғы жылы кәсіпорын Ауғанстан нарығына кірді. Жыл аяғына дейін Кентау зауыты ауған нарығына жалпы құны 10 млн. доллардың трансформаторларын тасымалдап тастамақ.


«Осыған орай Ауғанстанға арналған трансформаторлардың жаңа түрін әзірледік. Бұл елдің электр энергиясының заманауи жүйесіне көшкені кеше ғана. Сол себепті оларға трансформаторлардың жаңа түрлерін жеткізетін боламыз, – дейді зауыттың сату бөлімінің директоры Мұхтар Кенжебеков.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар