Кентау қаласы: ауыл шаруашылығы өндіріспен қатар өркендейтін болады

Dalanews 19 қаз. 2018 07:57 1224

Кентау қаласы әуелден өндірісті қала. Облыс орталығы Түркістанға қоныс аударғасын екі қаланың шекаралары өзгерген. Түркістанға қарасты 12 ауылдық округ Кентау қаласының қарамағына өткен. Бұл қала экономикасына қалай әсер етуі мүмкін? 

Қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевтың айтуынша, бұдан былай Кентауда ауыл шаруашылығы өндіріспен қатар өркендейтін болады. Кентауға қосылған 12 ауылдық округте 200 мыңға тарта тұрғын, 700 мың гектардан аса жер бар екенін ескерсек Кентау экономикасының әртараптануы түсінікті де.   

– Облыстық әкімдікпен ақылдаса келе Кентаудың ауыл шаруашылығы саласына жан бітіретін 62 жоба әзірленді. Осы жобалардың арасынан экономикалық тұрғыдан тиімді дегендері  іріктеліп алынғасын «ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде қаржылай қолдау жасалып, сол жобаларға қаржылай көмек беріледі. Соның нәтижесінде біз Кентауға тиіп тұрған Түркістан қаласын ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтай қамтамасыз ететін мүмкіндік аламыз, – дейді Әбдібақыт Мақұлбаев.

Әкімнің айтып өткеніндей Кентауға қосылған елді-мекендердің әзіргі күні ең өзекті мәселесі – егістік жерді жеткілікті ағын сумен қамтамасыз ету.


Осы орайда қалалық әкімдік ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерін, шаруа қожалығы басшыларын бір үстелдің басына жинап, мәселені шешудің амалдарын іздестіріпті. Осы кездесу барысында нақты жоспар жасалып, оның орындалу барысы бірауыздан мақұлданған. Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда Кентауға қарасты ауылдар суару маусымында судан тапшылық көрмейтін болады. 

– Сонымен қатар ауылдарды аралау кезінде анықталған инфрақұрылымдарды дамыту, әлеуметтік нысандардың жұмыс істеуі, медициналық қызмет, транспорт жүйесі, жолаушылар тасымалы және басқа да мәселелер мерзіміне сәйкес өз шешімдерін табатын болады, – дейді қала әкімі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар