Өкінішке қарай, Өскемендегі «Казцинк» өндірісінде жарылыс болып, одан екі адам қаза тапқаннан кейін, елімізден ірі үнді инвесторы кеткеннен кейін аяқталғандай болған өндірістік өлім сериясы қайта жандана бастады. Негізі, «Казцинк» компаниясына қатысты бұған дейін де экологиялық және қауіпсіздік бойынша проблемалар аз тіркелмеген. Демек, бұған дейін де сигналдар болған еді.
«Казцинк» акционерлік қоғамының өндірістік кешеніне бірден бес ірі кәсіпорын кіреді: мырыш, қорғасын және мыс зауыттары, күкірт қышқылы өндірісі және бағалы металдар зауыты. Жергілікті тұрғындар мен мамандар көп жағдайда Өскемендегі тұрақты экологиялық проблемаларды дәл осы кәсіпорындардың жұмысымен байланыстырып келген еді.
Мысалы, 2026 жылдың көктемінде экологтар өнеркәсіп алаңында тағы да елеулі заң бұзушылықтарды, яғни зиянды заттар мөлшерінің нормадан асып кеткенін тіркеді. Сол кезде Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті тексеру аясында белгіленген нормативтердің асып кеткенін анықтаған еді. Олар таратқан хабарламадан күкірт диоксиді бойынша нормативтердің 3,5 есе, көміртек оксиді бойынша - 2 есе, азот оксиді бойынша - 1,5 есе артып кеткені белгілі болған. Инспекция қорытындысы бойынша кәсіпорынға заң бұзушылықтарды жою міндеттеліп, 20 млн теңге айыппұл салынды.
Ал, 2025 жылдың қаңтар айында Бас прокуратура тұрғындардың шағымдары бойынша «Казцинк» кәсіпорындарына тексеру бастаған. Бұған 2024 жылдың қарашасынан бері әртүрлі ведомстволарға түскен Өскемен тұрғындарының көптеген шағымы себеп болды. Сол кезде күздің соңында қаланы қою түтін басып, тұрғындар ащы иіс пен тыныс алудың қиындағанына шағымданды. Билік 50 мыңнан астам оқушыны қашықтан оқыту форматына көшірді. Одан біраз уақыт өткеннен кейін мамандар 2024 жылдың қарашасында ауадағы зиянды заттардың концентрациясы шекті рұқсат етілген көрсеткіштерден асып кеткенін анықтаған.
2023 жылы шламның ағуы салдарынан Казцинк кәсіпорыны Филипповка өзенін ластап, зиянды заттардың концентрациясын нормадан 140 есеге дейін арттырған. Сол кезде келтірілген залал ондаған миллион теңгені құрады. Экологияға келтірілген зиян үшін «Казцинкке» шамамен 50 млн теңге айыппұл салынды.
2022 жылы «Казцинк» рұқсат етілмеген шығарындылар және Үлбі өзенін ластағаны үшін 45,32 млн теңге айыппұл алды.
2021 жылы экологтар күкіртсутек пен күкірт диоксиді мөлшерінің асып кеткенін тіркеді. Бұл өсімдіктердің химиялық күйік алуына және адамдардың хал-жағдайының нашарлауына әкелді. Ол кезде кәсіпорын 326 мың теңге айыппұл төлеп, экологияға келтірілген залалды өтеу үшін 3,5 млн теңге өтемақы төледі. Сол 2021 жылы Бұқтырма өзеніне ауыр металдар мөлшері ондаған есе асып кеткен сарқынды су төгілді. Бұл үшін кәсіпорынға 291 мың теңге айыппұл салынды, ал экологиялық залал 8,2 млн теңгеге бағаланды.
Осыдан «Казцинктің» экологиялық проблемаларының тарихы тереңде екенін байқауға болады. Мысалы, Экология министрлігінің дерегінше, Өскемендегі жалпы ластану көлемінің 44%-ы «Казцинктің» шығарындыларына тиесілі. Бұдан қорытынды шығаратын уақыт келді.