Жиынның шымылдығын ашқан саясаттанушы Эдуард Полетаев өз сөзінде бұл жолғы Ақтауда өткен Каспий саммитінің бұрынғылардан бөлек екенін тілге тиек етті.
«Осы бағыттағы дау 22 жылға созылған еді. Осы аралықта Каспиймен шектесіп жатқан бес мемлекет арнайы жұмыс тобын құрып, көптеген басқосулар өткізді. Бұл мәселе мемлекет басшыларының деңгейінде де талқыланды. Енді міне осы жұмыстың жемісі ретінде конвенция қабылданып отыр» – деді ол.
Оның айтуынша, бұл конвенцияға Иран қол қояды деп ешкім ойлаған жоқ. Сонымен қатар бес ел басшылары аймақтық емес державалардың Каспийге әскери күшін кіргізбейтіні туралы ортақ шешімге келді.
Ал «Еуразиялық мониторинг» сараптама орталығының директоры Әлібек Тәжібаевтың пікірінше бұл конвенция бес мемлекет үшін де тиімді. Дегенмен, кейбір сауалдардың басы ашық қалды дейді.
«Мәселен, алдағы уақытта түркмендердің арзан газы Еуропаға ағылатын болады. Бұл өз кезегінде аталған нарықта бәсекелестік туғызып, осыған дейін монополист атанып келгендердің қытығына тиюі мүмкін.
Саяси сынақтар да бар. Ілгеріде Иран президент осы конвенцияға мүдірмей қол қойғанын айттыңыздар. Алайда осы жиын барысында ол бір кездері өз елінің Каспийдің ресурстарын молынан пайдаланғанына, ендігі жерде осы қордың күрт қысқаратынын тілге тиек етті» деді Әлібек Тәжібаев.
Өз кезегінде «Бірлік» геосаяси зерттеулер орталығы Артұр Сүлейменов:
«Осы жолғы саммит әлемдік қауымдастықтың назарын аударды өзіне. Бұл өз кезегінде Каспийдің инвестициялық әлеуетін арттырып, бұл аймақта қаржылық-экономикалық жобалар жасауға жол ашады», – деді.
Ал саясаттанушы Андрей Чеботаревтың айтуынша Конвенция нәтижесінде Каспий маңы аймағындағы қауіпсіздік мәселесі ретке келеді.
«Ендеше экономикалық әріптестіктің екінші тынысы ашылатыны жасырын емес. Бұл тарапта Каспий маңындағы елдер екіжақты келіссөздер жүргізе алады. Бұл өз кезегінде аймақтағы логистика, транспорт, ауыл шаруашылығы, өңдеуші өндірісін саласын дамытуға жол ашуы тиіс.
Ендігі мәселе сөзден іске көшуде жатыр», – деді ол.