Маңғыстау облысында Каспий теңізінде суға батып кеткен 27 жастағы ер адамды іздеу жұмыстары төртінші тәулік қатарынан жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, құтқарушылар теңіздегі қолайсыз ауа райы мен қатты толқынға қарамастан іздеу жұмыстарын тоқтатпаған. Мамандар теңіз акваториясы мен жағалау сызығын үздіксіз тексеріп жатыр.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, іздеу жұмыстары құбылмалы гидрометеорологиялық жағдайға, ағысқа және тексерілетін аумақтың ауқымына байланысты қиындап отыр.
Іздеу-құтқару операциясына 40-тан аса маман жұмылдырылған. Сонымен қатар, жүзу құралдары, арнайы техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, сүңгуір жабдықтары мен авиация тартылған. Жұмысқа Төтенше жағдайлар министрлігі, Маңғыстау облысы ТЖД, ІІМ Ұлттық ұланы, ҰҚК Шекара қызметі, Әскери-теңіз күштері, Полиция департаменті мамандары қатысып жатыр.
Сүңгуірлер оқиға болған аумақта теңіз түбі мен жағалауға жақын бөлікті кезең-кезеңімен тексеріп жатыр.