[caption id="attachment_25553" align="alignright" width="282"] А. Тұтубаев[/caption]
Осы сот отырысы кезінде судья үш түрлі талап қойды:
- Осы іс бойынша аты аталған, куәгерлік етуге міндетті жәбірленуші тарап өкілдері (кәсіпкердің үстінен арыз берушілер) прокурордың шақыртуымен келесі соттарға келуге тиіс. Оның ішінде Асқар Тұтубаев та бар.Олар осыған дейін әртүрлі сылтау айтып, сотқа қатысуды кешеуілдетіп келеді.
- Қонай Масипхан 2015 жылы 15-18 сәуір кезінде Іле аудандық полиция бөлімшесінде қамауға алынып, үш күн бойы тергелген. Сол кезде Б. Тұтубаевқа 92 мың АҚШ долларына қарызбын деген сипатта қолхат жазып берген. Сол қолхаттың түпнұсқасы тергеу журналына тіркелмеген. Соны табу және тергеу материалдарына тіркеу керек. Қолхаттың түпнұсқасын сот материалдарына тіркеуді айыпталушы тараптың қорғаушылары өтініш етіп отыр.
- Тергеу кезіндегі материалдар (7 том) сотқа толық берілмеген. Судья ондағы кейбір заң бұзушылықтар мен кемшіліктердің барлығын ашық айтып, қадағалаушы органның сол кездегі салғырттығын сөз етті. Прокурордың сотқа түсірген өтініші бойынша келесі сот отырысына кәсіпкер Қонай Масипхан үстінен түскен шағым бойынша Іле аудандық полиция бөлімшесінде тергеу жүргізген тергеуші шақырылатын болды. Айыпталушы сол кезде тергеу изольяторына Б. Тұтубаев кіріп, өзін соққыға жығып, 92 мың АҚШ долларына зорлықпен қолхат жаздырып алғанын бұған дейінгі сот отырысында айтқан болатын.
Сотқа қатысқан БАҚ өкілдері жәбірленуші тараптың қорғаушыларынан Б. Тұтубаев пен А. Тұтубаевтан сұхбат алуға келістіріп беруді сұрады. Бұған дейін жәбірленуші тарап сот ісі бойынша ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Айтпақшы, кәсіпкер Қонай Масипханның БАҚ-қа жариялаған ашық хатымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров мырзаның танысқаны мәлім болды.
Келесі сот отырысы ертең, 6 сәуір күні сағат 10.30-да өтетін болып белгіленді.