Өз сөзінде Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Өмірзақ Ниязбеков «АСПМК-519» ЖШС-ның құрылтайшыларының бірі Виктор Сычевқа, құрылыс жөніндегі директор Павел Немытовқа, аталмыш компанияның Талдықорған қаласы бойынша әкімшілік директоры Мұрат Жарқыновқа санитарлық автокөлік сатып алып, көмек көрсеткендері үшін облыстық басқарма атынан рахмет айтты.
Өмірзақ Ниязбеков еліміз үшін осы қиын кезеңде «АСПМК-519» ЖШС компаниясының ұжымы медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалап, олардың жұмыстарына аса қажетті құнды сыйлық бергенін атап өтті. Оның сөзінше, өнеркәсіп орны біздің облыстағы денсаулық сақтауды дамытуға зор үлес қосты. Салтанатты рәсімде Виктор Сычев те сөз алып:
– Құрметті жерлестер! Сіздер мемлекеттің бизнеске әрқашан көмек көрсететінін білесіздер. Сондықтан бизнес өкілдері еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешуде моральдық жауапкершіліктерін сезініп, атсалысуда.
Біздің компания мұқтаж адамдарға көмектесуде белсенділік танытып келеді. Текелі қаласындағы 200 сырқат балаға жалпы сомасы 1,5 млн. теңгеге азық-түлік алып берілді. Кәсіпорынның бұрынғы жұмыскерлеріне, зейнеткерлерге 9 млн. теңгеге көмек көрсетілді. Сол сияқты «АСПМК-519» ЖШС ұжымы медицина мамандарына арналған заманауи құралдармен жабдықталған реанимобиль сатып әпергенді жөн деп шешті, – деп атап өтті.
Мұнан соң ол шараға қатысушылардың қызу қол соғып қолдауымен облыстық жедел жәрдем мен шұғыл медициналық көмек стансасының директоры Қанат Қалдыбаевқа санитарлық автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Атап өтсек, бұл мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын өткен жылы 923 546 шақыртуға, ал 2020 жылдың төрт айында 276 810 шақыртуға қызмет көрсеткен. Биылғы жылы санитарлық авиация желісі бойынша 885 шақырту қабылданып, қызмет жасалған.