Картоп пен сәбіз қымбаттамауы үшін Үкімет өңірлерге жаңа талап қойды

Самал Асқар 27 қаң. 2026 09:18

Қазақстанда көктемгі егіс науқанына дайындық аясында әлеуметтік маңызы бар дақылдардың көлемі ұлғайтылады. Үкімет жанындағы жедел штаб отырысында 2026 жылы өңірлерге картоп пен сәбіз егістігін арттыру міндеті жүктелді.

Ұлттық экономика вице-премьері Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов өнім көлемі баға тұрақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, былтыр ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп алқабы 12,5 мың гектарға ұлғайған.

«Өнім көлемі нарықтағы бағаға тікелей ықпал етеді. Осыған байланысты өңірлер түпкілікті егіс құрылымын бекіткен кезде сәбіз алқаптарын арттыруды міндетті түрде ескеруі керек», деді вице-министр.

Сонымен қатар, 2026 жылы қарақұмық егістігін 10 мың гектарға ұлғайтып, 101 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Өңірлерге бұл көрсеткіштерді орындау тапсырылды.

Үкімет кукуруза егісін кеңейтуге де басымдық беріп отыр. Бұл Жамбыл облысында салынатын Fufeng Group-тың ірі өңдеу паркі мен Түркістан облысындағы крахмал-сірне зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін қажет. Осы мақсатта солтүстік үш астықты өңірде кукуруза алқабы әрқайсысында орта есеппен 15 мың гектарға ұлғайтылуы тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерге әдістемелік және технологиялық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Қытай тарапы да солтүстік өңірлерге бейімделген сорттар мен өсіру технологияларын ұсынуға әзір екенін білдірді.

Сонымен бірге минералды тыңайтқыштарды жеткізу басталды. «Қазфосфатпен» 2026 жылға аммофостың бір тоннасы ҚҚС-сыз 254 мың теңге деңгейінде бекітілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға жоғары.

Биыл көктемгі және егін жинау жұмыстарына 7 мыңнан астам шаруашылыққа 501,5 млрд теңге көлемінде несие берілген. Қазіргі таңда 126 фермерге 17 млрд теңге мақұлданып, тағы 235 өтінім 76 млрд теңгеге қаралуда.

Үкімет бұл шаралар ішкі нарықтағы азық-түлік бағасын тұрақтандырып, өңірлердегі өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді деп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove