Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласына қатысты тағы бір іс қайта қаралуы мүмкін

Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласына қатысты тағы бір іс қайта қаралуы мүмкін
Фото: qandastar.kz

Кәрім Мәсімовтің халықаралық іздеуде жүрген бұрынғы күйеу баласы, қызметтік өкілетін асыра пайдалану және қаржы жымқыру фактілері бойынша күдікке ілінген Азамат Қапеновтің есімі тағы бір даулы оқиғамен байланыстырылып отыр. Ең қызығы, аталған іс те дәл Кәрім Мәсімов ҰҚК-ні басқарған кезеңде тоқтатылған. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналистің айтуынша, Азамат Қапеновтің мансабы Кәрім Мәсімовтің қызы Тәмилла Кәрімге үйленгеннен кейін күрт өзгерген. Оған дейін ол қарапайым кәсіпкер болған әрі бұзақылық ісі бойынша сотталып үлгерген. Алайда отбасылық мәртебесі өзгерген соң, бұрынғы қылмыстық ісі бойынша толық ақталып шыққан.

“Бұл материал жарық көргеннен кейін Қапеновтің қазіргі адвокаттары әлеуметтік желіде мені қаралап, түрлі пікірлер жаза бастады. Бірақ мен бұған түсіністікпен қараймын. Адвокаттар мен заңгерлер арасында таныстарым көп. Кейбірі достықты бәрінен жоғары қояды, ал кейбірі қомақты қаржы үшін кез келген іске дайын”, – дейді Козачков.

Оның сөзінше, Қапеновке қатысты бұған дейін жабылған тағы бір іс қайта қаралуы мүмкін.

Журналист 2020 жылдың қазан айында болған оқиғаны еске салады. Сол кезде Азамат Қапенов бірнеше денелі азаматпен “Kaz-Z Rail Logistics” компаниясының кеңсесіне барған. Компания теміржол тасымалы саласында жұмыс істеген және сол жылы мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам салық төлеген.

Кәсіпорын директоры Мақсат Шаңқыбаевтың айтуынша, кабинетіне кірген адамдар оған күш көрсетіп, тапанша көрсеткен. Кейін Қапенов неге қоңырауларға жауап бермей, кездесуден қашып жүргенін сұраған.

“Әңгіме соңында Шаңқыбаевты бұрынғы қызметкерді бірінші орынбасар етіп тағайындау туралы құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін олар қағаздарды алып кетіп қалған”, – деп жазды журналист.

Осыдан кейін кәсіпкер полицияға арыз түсірген. Полиция “Өз бетінше билік ету” бабы бойынша іс қозғап, қатысушылардан жауап алған.

Ал Азамат Қапенов тергеу барысында Шаңқыбаевпен бұрыннан араласқанын айтып, өзін “ағасы сияқты қамқор болған адам” ретінде сипаттаған.

“Мен оған әрдайым көмектестім. Бірақ кейін ол байланысын үзіп кетті. Сондықтан сөйлесуге бардым”, – деген Қапенов. 

Ал жанындағы адамдардың бизнес-орталыққа басқа шаруамен келгені айтылған.

Біраз уақыттан кейін Мақсат Шаңқыбаев құқық қорғау органдарына қайта арыз жазып, ешкімге шағымы жоқ екенін мәлімдеген. Осыдан кейін тергеуші қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдаған.

“Алғашында өзін ұрып-соғып, қарумен қорқытып құжаттарға қол қойғызды деген адам кейіннен бәрінен бас тартады. Мұндай өзгерістің қалай болғаны түсініксіз”, – дейді Козачков.

Сондай-ақ журналист бұл оқиға болған уақытта Кәрім Мәсімовтің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарғанын еске салды.

“Мүмкін Бас прокуратура бұл істің материалдарын қайта қарап, қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жоятын шығар. Ондай жағдайда адвокаттардың да, тергеушілердің де жұмысы көбейеді”, – деп түйіндеді Михаил Козачков.