Кардиологтар Алматыда бас қосты: жүрек ауруларымен күрестің жаңа жолдары қаралды

Кардиологтар Алматыда бас қосты: жүрек ауруларымен күрестің жаңа жолдары қаралды
ашық дереккөз

2026 жылғы 3 қыркүйекте Алматы қаласында халықаралық қатысумен өткен IX Республикалық артериялық гипертония және кардиоваскулярлық профилактика бойынша конгресс — CARDIO formQZ «Жаңа бағдарлар. Тексерілген маршруттар. Клиникалық шешімдер» атты іс-шараның ашылуы өтті. Конгресс кардиология және медициналық-санитариялық алғашқы көмек саласындағы жетекші мамандардың басын қосты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Конгресті «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Рустем Мұхтарұлы Төлеутаев ашты. Өз сөзінде ол жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудың, қауіп факторларын ерте анықтаудың және бастапқы буын мен мамандандырылған кардиологиялық қызмет арасындағы сабақтастықты күшейтудің ерекше маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның барлық өңірлерінде пациенттердің профилактикасы мен оларды жүргізудің бірыңғай тәсілдерін құру қажеттігіне баса назар аударылды. 

Конгресс тарихында алғаш рет осындай маңызды әрі ауқымды іс-шараға Польша, Гданьск қаласы Польша ғылым академиясының (PAU) мүшесі, Еуропалық гипертония қоғамының (ESH) президенті, медицина докторы (MD), профессор Анджей Янушевич (Andrzej Januszewicz) қатысты. Өз баяндамасында профессор артериялық гипертонияны басқару және оның профилактикасы бағытындағы Қазақстанның рөліне, сондай-ақ қол жеткізілген негізгі көрсеткіштерге тоқталды.

Конгресс спикерлері қатарында Қоғам төрағасы Г.Л. Джунусбекова, оның орынбасары М.К. Тундыбаева, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты Басқарма төрағасының орынбасарлары Д.А. Қайбуллаева, Г.А. Тоғызбаев, сондай-ақ артериялық гипертония саласындағы жетекші мамандар сөз сөйледі.

Күннің екінші жартысында штаттан тыс бас кардиологтар мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсету саласының бас мамандарының кеңесі өтті. Кеңес модераторы Рустем Тулеутаев болды.

Кеңес барысында өңірлермен өзара іс-қимыл, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты тарапынан өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету, МСАК деңгейінде кардиоваскулярлық профилактиканы жетілдіру, жүрек-қантамыр қаупі жоғары пациенттерді ерте анықтау, пациенттерді медициналық көмек көрсету деңгейлері бойынша дұрыс бағыттау және медициналық көмектің сабақтастығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Қазақстан Республикасында қанайналым жүйесі аурулары кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2027–2030 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру аясында Қазақстан өңірлерімен ұйымдастырылған ашық кәсіби диалог барысында өзекті мәселелер айқындалып, жүрек-қантамыр ауруларының профилактикасының тиімділігін арттыруға және Қазақстан халқына көрсетілетін кардиологиялық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған одан әрі бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары белгіленді.